- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мектеп директоры мен...
Мектеп директоры мен оқушыны қапқан: Қосшыда қаңғыбас иттер адамға шапты
Қосшыда көше кезген бұралқы иттің бірі мектеп оқушысы мен оған көмектесу үшін жүгіріп шыққан мектеп директорын да қауып алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Суыт оқиға кеше кешкісін ымырт қараңғысына таяу болған. Қазір Қосшы қаласының әлеуметтік желілерінде халық шулап жатыр. Тұрғындар ащы жанайқайы мен әкімдікке наразылықтарын білдіріп жатыр. Олардың айтуынша көше бойында ондаған қаңғыбас иттер өріп жүргенімен иттер мүлде ауланбаған. Ақыры арты осындай оқыс жағдайға душар еткен.
Кешкісін 19.00 шамасында ІТ мектебінен оқушылар мен ересектер мектептен шыққанда қатты қорыққан бір бала мектеп ғимаратына қайтып оралған. Ол мектептің жанында оны тұра қуған бұралқы иттен қашып үлгерген. Алайда, ит баланың сөмкесін дар айырып үлгеріпті.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша бала бір минуттай үнсіз тұрып қалып, не болғанын түсінгеннен кейін бақырып жылай бастаған. Балалардың мұғалімі бұл кезде оқушыларды жинап алып, баланың ата-анасына хабар береді. Осы кезде көшеге жүгіріп шыққан мектеп директоры аз уақыттан соң бір қолын жаралап қайтады. Мектеп директоры күрекпен итті жасқамақ болғанда ит оның қолынан қауып алған.
"Біз көшеге шығуға қорқып полиция шақырдық, бірақ олар тіпті машинасынан түскен жоқ", "директордан түсініктеме алды", "үйге қалай қайтамыз, барлық көшеде жарық та жоқ", деп жазды тұрғындар. Желіде аталған оқиғадан кейін жүздеген ащы жанайқайға толы пікірлер жазылған. Тұрғындар көшеде қорқынышпен жүретінін айтады.
Айта кетсек, тұрғындардың айтуынша мектептің жанындағы Абылай хан көшесінде екі айдан бері көше жарығы мүлде жанбай қалған. Бұралқы иттер мектептер ғана емес балабақшалар және басқа да мекемелердің қасында топталып жүріп балалар мен жүргінші адамдардың талай мәрте үрейлерін алған. Әлеуметтік желілерде иттерді аулауды талап еткен жазбалардан көз сүрінеді. Бірақ жергілікті атқарушы билік тарапынан еш әрекет болмаған.
Ақмола облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі әрі мәслихат депутаты Ирина Осипованың айтуынша бұралқы иттер мәселесі бойынша былтыр күзде жазған жазған депутаттық сауалдардың өзінен де еш нәтиже болмаған.
Қосшы қаласында қаңғыбас иттің адамдарға шапқаны жайлы полициядан да жауап келді.
"Қосшы қалалық полиция бөліміне 22 қаңтар күні қала мектебінің директоры шағыммен жүгінді. Ол белгісіз жынысты иттің мектептің аумағына кіріп балалардың бірінің сөмкесін тартып жыртып тастағанын айтты. Өзі де зардап шеккен мектеп басшысының айтуынша сыртта болған жайды терезеден байқап қалған соң дереу сыртқа жүгіріп шыққан. Итті қуып жібермек болғанымен ол ер адамның сұқ саусағын қауып алып тайып тұрған. Зардап шегуші директор ауруханаға жатудан бас тартқан. Оның айтуынша ит берген бұйрықтарға бағынғанына қарағанда ит үй иті болуы мүмкін", - деді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Қазіргі уақытта әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 407 бабы бойынша жауапкершілікке тарту үшін ит пен оның иесінің қайда екенін анықтау шаралары жүріп жатыр.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жайыққызы