Кейінгі 5 жылдан бері Ахмет Байтұрсынұлының туған күні, яғни 5 қыркүйек тілдер күні ретінде атап өтіліп жүр. Ал 2017 жылға дейін 22 қыркүйек тілдер күні саналды. Парламент Мәжілісінде өзге ұлт өкілдері де көп. Солардың бірі - 31 жастағы Никита Шаталов. Massaget.kz тілшісі депутатпен сұхбаттасып, қазақ тілін қаншалық білетінін сұрады.
Никита Шаталов қазақ тілін үйреніп жүргенін айтады.
"Қазір мемлекеттік тілді үйреніп жүрмін. Мәжіліс депутаты етіп халық сайлағаннан кейін мен үшін бұл сұрақ - мәселе. Бірақ біздің елде қазақ тілді және орыс тілді өңірлер бар. Мысалы, әріптестерім Максим Рожин, Генадий Шиповский қазақ тілді ортада өскен соң олар қазақ тілінде еркін сөйлейді. Мен орыс тілді өңірде өскен соң қазір маған қазақ тілін үйрену өте маңызды", - дейді ол.
Депутат ортасында орыс тілінде сөйлейтіндер көп болғанын, ал мектеп бағдарламасы қазақ тілінде сөйлейтін оқушыларға лайықталып жасалғанын жеткізді.
"Мектеп бағдарламасы дұрыс емес болды. Мектеп бағдарламасы отбасында қазақ тілінде сөйлейтін оқушыларға арнап жазылған. Балалар шет тілін үйренгені секілді қазақ тілін де солай үйренуіміз керек еді. Содан кейін ең маңызды дүние өзің өскен ортаға байланысты. Егер сенің ортаңда қазақ тілінде сөйлейтін адам болмаса, онда сенің қазақ тілін үйренуің қиын. Себебі айналаңдағы адамдардың бәрі орыс тілінде сөйлейді", - дейді ол.
Депутат қанша уақытта қазақ тілін үйренуге тырысатынын да айтты.
"Мен сізге мына уақытта нақты үйренемін деп айта алмаймын. Бірақ алты ай немесе бір жылдың көлемінде жақсы сөйлей аламын. Мұны мен нақты айта аламын", - деді депутат.
Сондай-ақ, ол мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін білу міндетті екенін мәлімдеді.
"Әрине, ұят нәрсе. Бірақ мен қазақ тілін түсініп, мүмкіндігінше жауап бере аламын. Елімізде көп адам қазақ тілін еркін сөйлей алмайды. Бірақ осындағы депутаттардың көпшілігі қазақ тілін түсінеді және оны толық үйреніп жатырмыз. Себебі біз қазақ тілін үйрену маңызды екенін түсінеміз. Ал мемлекеттік қызметкерлер қазақ тілді міндетті түрде білу керек", - дейді ол.
Серік Құдайбергенұлы
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!