Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектеп асханасында тамақтандыру ережесі өзгеретінін айтты. Бұл туралы ол Telegram-арнасында жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Асхат Аймағамбетов мектеп асханаларында баға салыстырмалы түрде жоғары екенін атап өтті.
"Тамақтандыруды ұйымдастыру ережесіне өзгерістер енгізілді. Бұған дейін мектептер асханасындағы тағамдардың қымбаттығына байланысты проблемалар туралы жазған болатынмын. Буфет өнімдерінің бағасы көрші дүкенге қарағанда, екі есе қымбат болатын жағдайлар да кездеседі. Біз мамандардың жұмыс тобын құрып, қажет түзетулерді әзірледік", - деп жазған министр Telegram-арнасында.
Оқу-ағарту министрінің айтуынша, енді мектеп асханаларындағы баға нарық бағасына сәйкес қойылады.
"Қандай өзгеріс енгізілді? Енді қызметтерді жеткізушілермен азық-түлікпен қамтамасыз ету туралы жаңа шарттар жасалғаннан кейін мектеп асханаларындағы бағалар, оның ішінде буфет өнімдері, сусындар және т.б. қызмет көрсетушілердің қалауы бойынша емес, орташа нарық бағаларын ескере отырып қалыптастырылады.
Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу порталындағы деректер базасы мен статистика органдарының ақпараты негізге алынады. Бұл асханаларда баға көтерілуіне жол бермейді.
Сонымен қатар, енді жеткізушілер тендерді ұйымдастырушының конкурс құжаттамасында көрсеткен ас мәзірі мен бағаларға сәйкес қатаң жұмыс істейді. Бұл тыйым салынған өнімдерді өндіру және өткізу қауіптерін жою, сонымен қатар, буфет өнімдерінің бағасын белгілеу үшін қажет", - деп түсіндірді ол.
Асхат Аймағамбетов балабақшалар мен балалар үйі асханасындағы азық-түлік бағасына қатысты да бірқатар өзгеріс болатынын жеткізді.
"Сондай-ақ, ата-аналарды тамақтану туралы хабардар ету немесе оның сапасын бағалай алуы үшін білім ресурсына кезең-кезеңімен норма енгізіледі. Ол - пайдаланушыларға қызмет көрсету және қолма-қол ақшасыз төлем сапасын бағалауға мүмкіндік беретін тағамдардың, ас мәзірінің, бағалардың суреттерін жариялау нормасы.
Сонымен қатар, балабақшаларда, балалар үйлерінде балаларды үздіксіз тамақпен қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдардың инфляция деңгейін ескере отырып, азық-түлік бағасының өзгеруі бойынша сатып алу туралы шарттарға өзгерістер енгізу мүмкіндігі көзделген. Бұл не үшін қажет? Азық-түлік бағасының өсуіне байланысты қаңтарда мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша, мысалы, картоп 100 теңге тұратын келісімшарт жасалған жағдайлар жиі кездеседі. Кейін бірнеше ай өткен соң жеткізуші тауарды жеткізуден бас тартып, нәтижесінде ұйым азық-түліксіз қалады. Сот процедурасына енгізілген жеткізушілер тізімі бар екені түсінікті, бірақ көптеген жеткізуші мұны елемейді, сөйтіп, жаңа ұйым ашылып, жұмысын жалғастыра береді. Бірақ бұл уақытта балабақша бүлдіршіндерді тамақпен қамтамасыз ете алмай отырады. Енді жаңа норма бойынша әкімдіктер мұндай жағдайларда осы өнімдердің орташа бағасына сәйкес ұйымдарды үздіксіз қамтамасыз ету үшін қосымша келісім жасайды", - деді ол.
Министрдің сөзінше, айтылған ережелер келесі жылдан бастап енгізіледі.
"Бұл ережелер келесі жылдан бастап қызмет көрсетушілермен жаңа келісімшарттар жасалғаннан кейін қолданысқа енгізіледі. Алматыда мектепте тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша пилоттық жоба басталғанын атап өткім келеді. Бүгінде тамақтануды ұйымдастыру процесін оңтайландыруға және жеделдетуге бағытталған пилот қаланың үш мектебінде іске қосылды. Сондай-ақ, мектеп ас мәзірін қалыптастыру тәсілдерін жаңарту жұмыстарын да бастап кеттік", - деп түйіндеді министр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!