Алматы әуежайынан көкке көтерілген ұшақ араб түбегін бетке алды. Ұшақ командирі сәт сапар тілеп, 6 сағат ұшатынымызды хабарлады. Аз да, көп те уақыт емес. Бұл біз үшін де, әуе кемесі үшін де алғашқы сапар. Олай дейтін себебіміз, біз отырған ұшақ Алатау бөктерінен Сауд Арабиясының Жидда қаласына бағыт алған алғашқы рейс болатын.
Ұшақ толы адам. Оның жартысынан көбі кіші қажылыққа бара жатқаны көрініп-ақ тұр. Көпшілігі ниет етіп, ер адамдар ихрам мен изарды (тігісі жоқ ақ мата) әлден оранып алған. Жүздерінен қуаныш пен қобалжу байқалады. Қуанышы тікелей рейс болса, қобалжуы сапарының амалдары болса керек деп ойладым.
Араб түбегіне жақындап келеміз. Ұшақ иллюминаторынан мидай жазық дала, арагідік қарауытқан қыраттар ғана көлбеңдейді. Көз алдыңда – шетсіз шексіз аспан әлемі, ал жер бетін мұнар басқан. Кенет ұшақ жолаушыларының бірі Миқат аумағына (қажылыққа келушілердің ихрамға кіретін жері) кіргенімізді айтып ескертті. Ұшақта да хабарлады. Жұмыс бабымен бара жатсақ та, қасиетті мекенге барып тәу ету біздің де жоспарда бар еді. Ниет етіп, бетімізді сипадық.
Арада жарты сағат өткенде Жидда көгіне жеттік. Қалаға көктен көрік беріп тұрған – Қызыл теңіз. Теңізді жағалай қаланың ең биік ғимараттары бой көтерген. Құдды бір қаланы судан қорғап тұрған бөгет немесе қорған дерсің.
Ұшақ төмендей бастады. Төмендегі үй-жайлардың сұлбасы да анық көрініп қалды. Тура араб елдері жайлы фильмдердегі 3-4 қабатты үйлер. Ол үйде бір әулет тұрады дейді білетіндер. Терезелері қуықтай ғана. Бұл ыстықтан қорғанудың бір амалы болса керек.
Сары құмды жарып өтіп жатқан ұзыннан ұзын трассалар ерекше көз тартады. Ал ондағы ағылған көліктер санында шек жоқтай. Қаланың қарбаласқан тіршілігі көктен бірден байқалады.
Ұшақ теңселіп барып, жер бауырлады. Дөңгелегі бір тиді де, қайта көтерілді. Екінші рет дөңгелегі жерге тигенде тежегішінің тартылғаны барлығына анық сезілді.
Біз Алматыдан шыққанда күн салқын еді, араб түбегінің ыстығы ұшақ ішінен сезіле бастады. Ал ұшақтан шыққанда қалың көпшілік алғашқы рейспен келген жолаушыларды зор қошеметпен қарсы алды. Гүл сыйлап, тәттілер ұсынды.
gov.kz
Әуежайдан шыққан бойда аптап қапырық бетті шарпыды. Алматыдан шыққан бір топ журналисті күтіп алуға келген консулдық өкілдерімен қонақүйімізге асықтық. Бірден байқағанымыз, қалада көлік көп болғанмен, кептеліс аз. Бағдаршамы жоқ қаланың күре жолдарындағы жылдамдық та жоғары. Жаяу жүргіншілер өтетін жолақты да көзіміз шала қоймады.
Көлікті тізгендеп келе жатқан вице-консул Нұрмұхан Сейітмағанбетовтің айтуынша, мұнда қоғамдық автобустар жоқтың қасы. Орталық көшелерде ғана бірең-сараң жүреді. Халықтың көбі такси немесе жеке көліктерімен қатынайды.
Жиддада бірнеше күн аялдайтын болдық. Қызыл теңіз жауһарының жанға жайлы, мәдени тарихы мол мұрасымен танысуға асықтық. Одан кейінгі бағыт – Мекке.
Біз келген күннің ертеңіне араб басылымдары Алматыдан Жиддаға тікелей рейс ашылғанын жарыса жазып жатты. Ал біз сол рейстің алғашқы жолаушылары едік.
Бұған дейін ұмра мен қажылыққа келетін қазақстандықтар қасиетті мекенге түрлі бағыттағы әуе жолдарымен келетін. Air Astana әуе компаниясы тікелей рейс ашқаннан кейін "Мекке қақпасына" жетер жол да жеңілдей түсті. Себебі Жидда Мекке мен Мәдина қалаларының дәл ортасында. Меккеге небәрі бір сағаттық жерде ғана орналасқан. Арада жоғары жылдамдықты Haramain пойыздары қатынайды. Олар сағатына 300 шақырым жылдамдықпен жүреді. Меккеге 25-30 минутта жеткізеді. Сондай-ақ автобустар да жүреді. Біз біріншісін таңдадық.
Меккеге аттанбай тұрып, Жиддадағы Қазақстанның Бас Консулдығына бас сұқтық. Бас консул Руслан Қоспанов пен вице-консул Нұрмұхан Сейітмағанбетов қазақы қонақжайлылықпен қарсы алды. Қойған сұрақтарымызға жауап алып, араб елінің қыр-сырымен қаныға түстік.
- Қазақстаннан ұмра мен қажылыққа келушілер саны жыл санап артып келеді. Осындай оқитын студенттер де бар. Олардың құқықтарын қорғап, мүдделерінің сақталуына біз жауаптымыз, - дейді Бас консул.
Одан ары сұрақтарымызды жаудыра кеттік. Бас консул барлығына байыппен жауап берді.
Сауд Арабиясында құжат жоғалтып алғанда не істеу керек?
- Шетелде ең сақ болу керек дүниенің бірі – құжат. Кейде жоғалтып алатын отандастарымыз болады. Ондай кезде полицияға арыз жазып, анықтама алады. Сол анықтама негізінде консулдық жолаушының қайтар жолына құжат жасайды, сонымен елге қайтады.
Көп адам мұнда келгенде басқаша ойлап келеді. Мекке мен Мәдина, мұсылмандардың ортасы, ұрлық-қарлық жоқ, заң бұзушылық кездеспейді деп түсінеді. Пенде болған соң, мұнда да алаңдататын жайттар болады. Туристер есебінен артық пайда тапқысы келіп тұратындар да кездеседі. Сондықтан да сақ болу керек, - дейді Руслан Қоспанов.
Сауд Арабиясына қалай виза алады?
- Сауд Арабиясы қажылыққа келушілер мен туристерге жағдай жасауда. Көптеген жеңілдіктер қарастыруда. Мысалы қазір туристік визаны 15-20 минуттың ішінде онлайн алуға болады. Сондай-ақ қазақстандықтар үшін әуежайға келген бойда виза алу жайы да қарастырылып жатыр.
Қажылық пен қыдыруға келгендер нені басты назарда ұстауы керек?
- Сауд Арабиясына бұрыннан келетіндер елдің жай-күйін жақсы біледі деп ойлаймын. Ал алғаш келіп жатқандар үшін айтарым, қай елге барсаң да, сол елдің заңын құрметтеу керек. Мәдениеті мен талабын ескеруіміз қажет. Біріккен Араб Әмірліктерінде ашық киінуге болса, мұнда ерлердің қысқа балақты киіммен жүруі оғаш саналады.
Құжаттары мен жеке заттарына сақ болу керек. Қанша дегенмен туристер көп жүреді. Одан кейін денсаулығына мән бергендері абзал. Жат елде сырқаттанып қалмаудың амалын жасап келгені жөн.
Одан кейін қажылыққа апарамыз деп алдап кететін алаяқтардан абай болу керек. Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасы бекіткен компаниялар тізімін біліп алған жөн. Себебі қажылыққа апаратын туркомпания атын жамылып, ақшаларын алып кететіндер де болады. Кейбіреулер имандай сеніп, келісімшарт та жасаспайды. Сондықтан ұмраға немесе қажылыққа келерде бәрін тексеріп, біліп алу керек, - дейді Бас консул.
Меккеде қайтыс болған адам қайда жерленеді?
- Қажылық кезінде қайтыс болған отандасымыз болды. 39 жастағы турдың гиді басынан күн өтіп құлаған. Жанындағы қажылыққа келушілер ішінде дәрігер маман да болған. Құтқарып қала алмаған. Біз Қазақстандағы туыстарына хабарластық. Меккеде қайтыс болған адамды жерлеудің бірнеше жолы бар. Шешімді туыстары қабылдайды. Оның біріншісі – мәйітті Қазақстанға жеткізу. Бұл енді бірталай жұмыс, уақыт алады, көп құжат жинау керек және оларды аудару керек.
Сүйекті жеткізу де қаражатты қажет етеді. Кейде мемлекет қаржысынан, кейде туыстары төлейді. Болмаса туркомпаниямен келген келісімдеріне байланысты шешіледі.
Мәйітті осында да жерлеуге болады. Мұны туыстарына айтамыз. Меккенің үлкен зираты бар. Жаңағы қазақстандықтың туыстары осында жерлеуіне рұқсат беріп, екі ағасы ұшып келді. Әл-Харам мешітінен жаназасын шығарып жерледі, - деді Бас консул.
Меккеге барар жол
Меккеге барар сапарымыз жұма күнге тура келді. Сауд Арабиясында жұмыс аптасы жексенбіден басталады. Жұма мен сенбі демалыс күндері саналады. Жұма күні дүкендер мен базарлар кеш батқанға дейін ашылмайды. Жидда қаласынан жоғары жылдамдықтағы пойызға отырып, қасиетті Қағбаға қарай жол тарттық.
Мекке – топырақ түгіл құмы жоқ тастан құйылған аласа таулардың сай-саласына шашылып түскен қала. Ресми дерек бойынша 3 миллионнан астам халқы бар. Келіп-кетушілердің есебінен бұл көрсеткіш жиі өзгеріп тұрады. Ал әуежайдан Әл-Харам мешітіне қарай тегін автобустар қатынайды.
Бізді күтіп алған Заманбек есімді студент Меккедегі оқу орындарының бірінде білім алады екен. Келгеніне бір жыл болмаса да, ұмраға келетіндерді күтіп алып, амалдарын жасаудың жөн-жосығын толық меңгерген.
Жұма күні қала көшелері халыққа толы, бәрі көшіп бара жатқандай. Еңкейген қариясынан еңбектеген баласына дейін жайнамазын ұстап, жұма намазына асығып барады.
Біз қала сыртындағы аудандардың біріне барып, жұма намазын оқыдық. Сол жерден ниет етіп, ихрамды киіп, қасиетті Әл-Харам мешітіне бағыт алдық. Біз келгенде жұма намазынан кейінгі жұрт қарасы да азая бастаған екен. «Ләббәйк Алла…» деп қалың көпшілік қатарына қосылдық.
Қасиетті Қағбаны алғаш көргенде тілегімізді айтып, амалымызды орындадық. Жеті рет айналып, жүректегі арман-мақсатымыздың орындалуын сұрадық. Әр мұсылман армандайтын бұл бір сәтті сөзбен жеткізу оңай емес. Жеті рет айналғаннан кейін зәмзәм суының дәмін тату жанға рахат, бойыңа күш бітіреді. Ол бір күш өмір бойы таусылмайтындай күйде боласың.
Сафа және Мәруа арасын жеті рет айналып, тағы да амал жасадық. Бұл жол ойландыратын әрі өзіңе есеп беретін сәттей болып та көрінді. Одан кейін соңғы ғұрпы бойынша шашымызды қидырдық. Осылайша кіші қажылықты Заманбектің жол көрсетуімен 2,5 сағатта орындап шықтық. Енді Үлкен қажылықта келуді нәсіп етсін деп тілек еттік.
Меккедегі бүкіл тіршілік құлшылыққа, туризмге негізделген. Әсіресе Қағбаға жақын аудандар түгелдей сауда орындары мен қонақ үйлер. Естелік пен елдегі ағайынға алар заттарды саудаласып алуға болады.
Меккеде әуежай жоқ
Мекке қаласында әуежай жоқ. Қасиетті Қағбаның төбесінен ұшақ ұшпайды. Қалаға жақын үлкен әуежай Жидда қаласында орналасқан. Сондықтан да Air Astana әуе компаниясы тікелей рейсті осы қала арқылы ашып отыр.
Жидда – Air Astana әуе компаниясының жаңа бағыты. Шөл даладағы патшалыққа бірге сапарлауға шақырады. Рейс қазан айында аптасына екі рет қатынаса, желтоқсаннан бастап үш реттен орындалатын болады. Екі бағытқа әуе билеттерінің құны 325 000 теңгеден басталады.
Кіші қажылыққа баратындарға керек кеңестер
• Сауд Арабиясына барғысы келетіндер алдымен виза алуы керек. Бұл сапар алдындағы ең басты қағида. Виза алу аса қиын емес, visa.visitsaudi.com сайты арқылы электронды түрде өтінім бересіз. Жауабы да аз уақыт ішінде шыға келеді. Виза құны 67-68 мың теңгені құрайды. Бастысы – құжаттарды толтырғанда мұқият болу керек. Әсіресе паспорт нөміріндегі N әріпін ұмыт қалдыруға болмайды.
• Телефон не ноутбугыңызды қуаттау үшін арнайы адаптерді бірге алып шыққаныңыз абзал. Сауд Арабиясында тоқ көзі 3 саңылаудан тұрады.
• Ақшаны доллармен немесе картада алып барған тиімді. Карта арқылы сондағы банкоматтардан шешіп алуға болады.
• Әркез байланыста болу үшін роуминг қосып алған пайдалы.
Алматы ↔ Жидда ↔ Мекке