“Мефедрон, жабдықтар“. Қостанай облысында есірткі зертханасы жойылды

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті синтетикалық есірткі өндіретін жасырын зертхананы жойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тінту барысында 2 келіге жуық дайын мефедрон психотроптық заты, сондай-ақ зертханалық жабдықтар мен есірткі дайындауға арналған прекурсорлар тәркіленді.

Психотроптық заттарды дайындау кезінде Қазақстанның екі азаматы ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған.

"Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды", - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда ірі есірткі зертханасы жойылды. Тінту барысында саяжай аумағынан ақ түсті, ұнтақ тәріздес зат толтырылған 6 ағаш бөшке табылды.

Қазақстанда 2 ай ішінде 12 есірткі зертханасы мен 4 притон әшкереленді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!