Мефедрон дайындау кезінде екі адам қаза тапқан: қылмыстық топты ұйымдастырушы Ресейден экстрадицияланды

Психотроп заттарды өндірумен және өткізумен айналысқан қылмыстық топтың ұйымдастырушысы Ресей Федерациясынан экстрадицияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бас прокуратура Қазақстан азаматын Ресейден экстрадициялаған. Күдікті Алматы қаласы және Қазақстанның басқа да аумағында мефедрон өндірумен, өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны, оған басшылық еткені анықталған.

"Ол 2021 жылдан бастап ақшаға мұқтаж адамдарды қылмыстық әрекетке тартқан. Қатысушылар психотроп заттарды өндіру, тасымалдау, өлшеп-орау және тарату бойынша әртүрлі міндет атқарған, ал олардың әрекеті Telegram мессенджері арқылы қашықтан үйлестірілген", - деп жазылған хабарламада.

2024 жылы ұйымдастырушының нұсқауы бойынша Алматы қаласында бірнеше есірткі зертханасы жабдықталған. Олардың бірінде психотроп заттарды өндіру барысында екі қатысушы ауыр химияға уланып, қайтыс болған. Осыған қарамастан қылмыстық әрекет жалғасын тапқан.

2024 жылғы 19 қыркүйекте полиция қызметкерлері зертханалардың бірінің қызметін тоқтатқан. Тінту барысында 24 келіден аса химиялық зат, жабдықтар, қорғаныш құралдары, дайын өнім табылған.

2025 жылғы шілдеде күдікті Ресей аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша елге экстрадицияланды. Ол тергеу изоляторына қамалды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!