Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ел азаматтарына сақтандырудың тоқтатылатындығы жайлы алдын ала ескертеді. Бұл туралы Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның көшпелі отырысында аталған қор төрағасының орынбасары Индира Саркенова мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, қор Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры қатысушылары үшін хабарландыру тетігін енгізу мәселесін қарастырып жатыр.
"Таяуда біз Еуразиялық банкпен push-хабарландыру жіберу бойынша бірінші келісім жасастық. Олардың клиенттері алғашқылардың бірі болып мұндай хабарлама алады. Хабарлама тәуекелді төмендету үшін алдын ала телефонға келеді. Жүзеге асыру және жүйемізбен ықпалдастыру 2025 жылдың қаңтарынан басталады. Бұл шара халық алдын ала сақтандырылғанын не сақтандырылмағанын білуі, сонымен қатар сақтандыру әрекетінің тоқтатылу себебін түсінуі үшін қабылданып отыр", - деді қор төрағасының орынбасары.
Аталған жүйені ықпалдастыру екінші деңгейлі өзге де банктермен жалғастырылады. Айта кетейік, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң 2015 жылы қабылданды, оны толыққанды енгізу 2020 жылы басталды. МӘМС жүйесі қаражатының үлесі 2020 жылдан бастап 0,4 трлн теңгеден - биылғы жылы 1,2 трлн теңгеге дейін, яғни 3 есе өскен.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!