Медпойыз еліміздің шалғай станцияларына қайта жолға шығады

26 сәуірде Алматы-2 станциясынан "Саламатты Қазақстан" пойызы жолға шығып, ағымдағы жылдың 6 желтоқсанына дейін қатынайтын болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Медициналық пойыз бағыты медициналық кабинеттері жоқ аймақтарды қамтиды. "Медициналық пойыздар" жобасын "Самұрық-Қазына" АҚ компаниялар тобы атынан Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ - "Әлеуметтік жобалар қорымен" Корпоративтік қорымен ынтымақтастықта іске асырады.

Денсаулық пойыздары ең шалғайдағы станциялардың тұрғындарына жоғары білікті медициналық көмек алуға мүмкіндік беретіні дәстүрге айналды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 150 жуық станцияның 80 649 тұрғыны емдеу-консультациялық қызмет ала алды, оның ішінде 21 867 бала да бар. Бұл ретте 5 097 адамға шағын оталар жасалып, 26 587 адамға стоматологиялық көмек көрсетілді. Сонымен қатар, медициналық пойыз мамандары 59 балаға циркумцизио (сүндеттеу) жасады. Медициналық пойыздарда дәрігерлік қабылдаулар саны 389 388 жетті. Республика бойынша маршруттың жалпы ұзындығы 22 009 шақырымды құрады.

 

Биыл шалғайдағы станциялар тұрғындары қайтадан білікті мамандардан: терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор, хирург, уролог, маммолог, педиатр және басқалардан тегін тексеруден және емдеуден өтуге мүмкіндік алады. Пойыз заманауи диагностикалық және емдік жабдықтармен, ультрадыбыстық, флюорографиялық аппаратпен, шағын операциялық бөлмемен, зертханамен, интернетке сымсыз қол жеткізуге арналған байланыс құралдарымен жабдықталады.

Медпойыздың қазіргі қозғалыс кестесі шалғайдағы станцияларда медициналық пункттердің жоқтығын ескере отырып және азаматтар мен мемлекеттік органдардың өтініштері негізінде жасалды.

"Медициналық пойыздар" жобасы бірнеше рет әлеуметтік жауапкершілік конкурстарының жеңімпазы атанды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!