Медициналық ұйым басшыларының 20 пайызы тестілеуден өте алмады

Қазақстанда перзентханалар, балалар стационарлары мен жедел медициналық жәрдем станцияларының басшылары және олардың орынбасарларын аттестаттау жалғасып жатыр. 2 қарашадағы аралық қорытынды бойынша қатысушылардың әрбір бесіншісі қажетті балды жинай алмаған, деп хабарлайды Massaget.kz Денсаулық министрлігіне сілтеме жасап.

Аттестаттаудың алғашқы кезеңі 14 қазанда басталды. Тестілеуге 15 өңірден 235 адам қатысқан. Бұл аттестаттаудан өтуге тиіс мамандардың 72,1 пайызына тең.

Алдын ала мәлімет бойынша:

  • 188 қатысушы, яғни 80 пайызы тестілеуден сәтті өтті;
  • 47 адам немесе 20 пайызы өту балын жинай алмады;
  • олардың арасында 25 басшы мен 22 басшының орынбасары бар;
  • 27 адам тестілеуге келмеген.

Нәтижесі төмендердің басым бөлігі Ақмола, Маңғыстау және Қостанай облыстарына тиесілі. Осы үш өңірдегі қатысушылар тестілеуден өте алмағандардың 55,3 пайызын құрады.

Ал Астана қаласы мен Павлодар облысында барлық қатысушы қажетті балды жинаған.

Тестілеуден өтпеген басшылар сұхбаттасу кезеңіне жіберілмейді. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, олар алты айдан кейін қайта аттестаттаудан өтуі керек.

Аттестаттау тек перзентханалар, балалар стационарлары мен жедел медициналық жәрдем станцияларының басшыларына және олардың орынбасарларына қатысты жүргізіледі.

Ұсынылған деректер – аттестаттаудың бірінші кезеңіндегі аралық нәтиже. Тестілеу 2026 жылғы желтоқсанның соңына дейін жалғасады.