Медициналық сақтандыру мен электронды жүйенің жайы

Медициналық сақтандыру мен электронды жүйенің жайы
Фото: noticiasaominuto.com
“Ұлт жоспары – 100 нақты қадам” бағдарламасының 80-қадамында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізу туралы жоспар белгіленген. Оған сәйкес мемлекет, жұмыс беруші және азаматтың ынтымақтасқан жауапкершілігі қағидаты негізінде денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық орнықтылығын күшейтіп, бастапқы медициналық-санитарлық көмекті (БМСК) басымдықпен қаржыландырады және бастапқы көмек аурудың алдын алу мен ерте бастан күресу үшін ұлттық денсаулық сақтаудың орталық буынына айналады. Бұл жоспардың ең негізгі сатысы 1 шілдеден бастап іске асады. 

2018 жылдың 1 шілдеден бастап Қазақстандағы медициналық орындар науқастарды қағазсыз қабылдайды. Яғни, науқастарға амбулаториялық карталар мен флюрографиялық жазбаларды алып жүру қажет болмайды. Медициналық қызмет алу үшін оларға жеке куәлікті көрсету жеткілікті. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында: «Биыл 1 қаңтардан бастап, 4 облыс (Қарағанды, Қостанай, БҚО) қағазсыз ауруханалар пилоттық жобасына енді. 1 сәуірден бастап, бұл пилоттық жобаға тағы 4 аймақ (ОҚО, Маңғыстау, Павлодар, СҚО) қосылды. 1 шілдеден бастап - қалған өңірлердің барлығы және Астана мен Алматы қалалары науқастарды қағасыз қабылдауға көшеді. Яғни, пилоттық жоба аясында амбулаториялық карталар жойылады. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін көрсететін барлық медициналық ұйымдар 100% тек қана ақпараттық жүйелерде жазба жүргізеді және ақпараттар қағазға көшірілмейді», - деп ресми мәлімдеген еді. 

Бұл жаңалық жоғарыда аталған жоспардың ең негізгі сатысы. Себебі медициналық сақтандыруды оңтайландыру үшін, электронды жүйені енгізудің маңызы зор. Сәйкесінше, бір орталықтанған медициналық сақтандыру да амбулаториялық және өзге медициналық қызмет түрлерін жетілдіре түседі.
Massaget.kz