Медициналық сақтандыру қорының қаржысын қадағалау кеңесі бақылайтын болады

Медициналық сақтандыру қорының қаржысын қадағалау кеңесі бақылайтын болады
Фото: novinky.cz

Қазақстанда Міндетті медициналық сақтандыру қорының қаржысын бақылайтын қадағалау кеңесі құрылады, деп хабарлады ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова ҚР Парламентінің Мәжілісінде заң жобасын таныстыру барысында. Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлады. 

Т. Дүйсенова ҚР Парламентінің Мәжілісінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасын таныстырды.

Аталған заң жобасы аясында орта білім беру ұйымдарындағы оқушыларға тәулік бойы бақылау жасалмайтын медициналық қызметтердің функцияларын денсаулық сақтау ұйымдарына беру бойынша «Білім туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

«2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап балалар үшін қорға мемлекет аударатын болады. Мектеп медицинасын өткізуге байланысты тағы да ұйымдастырушылық қайта құру жұмыстары жүргізілмек. Бүгінгі таңдаға білім беру жүйесіндегі медициналық пунктер емхананың құрылымға қарасты бөлімшесіне айналады. Мектептердің медицина қызметкерлері оқыту мен сертификаттаудан өтіп, емхана штатына алынатын болады. Жаңа талаптарға сәйкес мектеп оқушыларына көмек көрсетудің стандарты қабылданатын болады», деді Т. Дүйсенова.

Сондай-ақ, ҚР ДСӘДМ басшысы әрекет етіп тұрған заңнама бойынша МӘМС ендіру мәселесіндегі өкілетті орган ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі болып табылатындығын айтты.

«Міндетті медициналық сақтандыру қорын кім басқарады деген мәселені біз қазір қарастырып жатырмыз. Бұл ұлттық экономика, қаржы, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктерінің басшыларының қатысуымен қадағалау кеңесі, директорлар кеңесі болуы мүмкін», - деп сөзін түйіндеді Т. Дүйсенова депутаттың сұрағына жауап беру кезінде.

Еске сала кетейік, 2015 жылдың 18 қарашасында ҚР Президенті Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамының 80 қадамын жүзеге асыру шаралары аясында жасалған «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңына қол қойды.

Мектеп жасындағы балалардың денсаулығын нығайту мен қорғау, оқушылардың сапалы және қолжетімді медициналық көмек қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында ҚР Президентінің 2016 жылдың 15 қаңтарда бекіткен ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында денсаулық сақтау жүйесіндегі мектеп медицинасын әрі қарай дамыту қарастырылған.

 

T. Кіршібаев