Медициналық мекемелердегі санитария: неге ауруханаларда әжетхана қағазы жоқ?

Медициналық мекемелердегі санитария: неге ауруханаларда әжетхана қағазы жоқ?
Фото: DALL-E Жасанды интеллект арқылы жасалған сурет

Редакциямызға оқырмандардың бірі балалар ауруханасында әжетхана қағазы мүлде болмайтынын айтып шағымданды. Оның айтуынша, баласы ауырып, дәрігерге жүгінген. Бала қайта-қайта әжетханаға бара берген, ал онда не қағаз, не сабын болмаған. Ал ана кішкентай баласын тастап, дүкенге баратын мұршасы болмаған. Massaget.kz тілшісі бұл мәселеге қатысты Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сауал жолдады. 

Комитет мәліметінше, жеке гигиена құралдарын сатып алуға қатысты Денсаулық сақтау министрінің №ҚР ДСМ-309/2020 бұйрығы бар. Онда шығындар (кеңсе және шаруашылық тауарлары) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесі бойынша сатып алынуға тиіс екені айтылған. 

Бұл "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексінің 67-бабында бекітілген. Кодекстің 69-бабы 1-тармағына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы қаржы денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға, Қазақстан Республикасының  заңнамасында тыйым салынбаған өзге де шығыстарға жіберіледі. Әр мекеме өзіне қажет қаражатты алдын ала көрсетіп, керек-жарағын алады. 

Ауруханаларда санитарияға қойылатын толық талап мына сілтемеде. 

Медициналық мекемелерде қандай гигиеналық заттар болуы керек?

Стационарларда медициналық қызметтер көрсету кезінде мекемелерде: 

  • сұйық антисептикалық сабын,
  • антисептиктер,
  • бір реттік қағаз сүлгілері болуы керек.

Бұл Ұлттық экономика министрінің 2022 жылғы 2 желтоқсандағы №117 және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 2 желтоқсандағы бірлескен бұйрығына 8-қосымшаға сәйкес халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы тексеру парағының 3-тармағында көрсетілген.

Тексеру жургізу тәртібі қандай?

Кодекстің 36-бабы 4-тармағына сәйкес, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес меншік нысанына қарамастан, бақылау және қадағалау субъектісіне барып тексеріледі. Жоспардан тыс тексерулер кодекстің 144-бабы 4-тармағына сәйкес жүзеге асырылады. 

Медициналық мекемелерде санэпид тексеріс айына қанша рет жүргізіледі? 

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап "Таза парақтан" кәсіпкерлікті реттеу шеңберінде денсаулық сақтау объектілерін бақылаудың мынадай нысандары көзделген:

1) Жарты жылда бір рет жоспарлы және қандай да бір өтініш бойынша жоспардан тыс тексерістер; 

2) Жарты жылда бір рет объектілерге бармай-ақ профилактикалық бақылау;

3) Заңбұзушылық анықталғанда жүргізетін тергеп-тексеру. 

Тексерулер мен профилактикалық бақылаулар Цифрлық үкіметті қолдау орталығының "Smart Data Ukimet" платформасында жүзеге асырылады. Нәтиже 2024 жылғы 10 мамырда "Электронды үкімет" (egov.kz) порталында "Кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімі" бөлімінде орналастырылды.

Биыл санитарлық-эпидемиологиялық тексерістен өтпеген қанша медициналық мекеме бар? 

Тексеріске 143 объекті жоспарланған, оның ішінде 24-і тексерілді, 16 объектіде (66,6 пайызы) бұзушылықтар анықталды. Профилактикалық бақылау бойынша тексеруге 4 объекті жоспарланған, оның ішінде 1 объекті тексерілді.

Норманы сақтамағандарға қандай жаза қарастырылады? 

Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзғандар "Әкімшілік құқықбұзушылық туралы" кодекстің 425-бабына сәйкес әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылады.

Айта кетейік, ауруханаларда санитарлық-эпидемиологиялық норма талаптары бұзылғанын байқасаңыз, облыстағы кез келген санитарлық-эпидемиологиялық комитетке жүгіне аласыз. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Бөлек