- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Медициналық қателік
Медициналық қателік үшін науқасқа қанша сақтандыру төлемақысы төленуі керек?
Қазақстанда 21-қазаннан бастап медициналық мекемелер емдеу кезінде науқастың денсаулығына зиян келтірген жағдайда ҚР азаматтарына сақтандыру төлемін жүргізуге міндеттелді. Бұған дейін өтемақы сот арқылы өндірілетін еді. Massaget.kz тілшісі заңның ескі және жаңа нұсқасын салыстыру үшін адвокат Альбина Бахтиярқызына жүгінді.
Заң қалай өзгерді?
Адвокат бұрын науқастың құқығын қорғау сот тәртібімен жүзеге асырылып келгенін айтты, ал бұл бірқатар қолайсыздық туғызатын еді, өйткені уақыт өткен сайын зардап шеккен адамды емдеу қиындай түседі. Енді өзгерістерге сәйкес, денсаулық сақтау субъектілері медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін бірлесіп сақтандыру шартын жасаспай медициналық қызметті жүзеге асыра алмайды.
"Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру шарты жыл сайын жасалады, сақтандыру мерзімі ішінде қолданылады және бірінші сақтандыру жағдайы бойынша өз қолданысын тоқтатпайды. Ал олардың кәсіби жауапкершілігін сақтандыру денсаулық сақтау субъектілері (аурухана, емхана) есебінен жүзеге асырылады", - деді Альбина Бахтиярқызы.
Сақтандыру жағдайы - медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде науқастың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру дерегі. Бұл деректі растау және сақтандыру төлемін алу үшін науқасқа немесе оның жақын туыстарына (заңды өкілдеріне) Денсаулық сақтау субъектісінің мекенжайы бойынша жүгіну қажет.
Фото: depositphotos.com
Емдік шара кезінде науқастың өмірі мен денсаулығына зиян келіп-келмегеніне қатысты шешімді тәуелсіз сараптама комиссиясы қабылдайды. Науқас Комиссия қорытындысының нәтижелерімен келіспеген жағдайда, Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне немесе сотқа жүгінуге мүмкіндік алады.
"Бұл өзгеріс медициналық қателік үшін науқастардың қорғалуын қамтамасыз етеді. Бұрын медициналық мекемелер медициналық қателік немесе зиян келтірілген жағдайда өтемақы төлеуге міндетті емес еді, бұл науқастардың өз құқықтарын қорғауда қиындықтарға ұшырауына себеп болатын. Жаңа ереже бойынша медициналық қателіктен зардап шеккендер арнайы сақтандыру төлемдерін алуға құқылы, бұл науқастарды қорғаудың жаңа деңгейін қамтамасыз етеді", - деп түсіндірді адвокат.
Мекеме науқасқа төлейтін қаражатты кімнен алады?
Сақтандыру төлемдерін мекеме арнайы сақтандыру компаниясымен келісімі аясында төлейді. Яғни мекеме науқасқа өзінің шотынан емес, сақтандыру компаниясының қаражатынан төлем жүргізеді. Егер мекемеде сақтандыру болмаса немесе төлемді өздігінен төлеуге міндеттелсе, онда шығындарды мекеме өз қаражатынан өтейді.
"Әр жылы медициналық қызметкерлер (кіші, орта және жоғары медициналық персонал) осылайша сақтандыру пулын құрып, жұмыс істейтін аурухана немесе емханамен қосымша сақтандыру келісімшартын жасасуға міндетті болады. Басқаша істеуге болмайды (Қазақстан Республикасының "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексінің 270-1-бабы, 2-тармағы). ОСы тұста денсаулық сақтау субъектісі, яғни медициналық мекеме, қызметкерлердің жауапкершілігін толықтай өз қаражаты есебінен сақтандырады - дәрігерлерден, медбикелерден және санитарлардан ақша алынбайды. Бұл Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2024 жылғы 24 шілдедегі бұйрығымен бекітілген медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру қағидаларының 22-тармағында көрсетілген", - деді Альбина Бахтиярқызы.
Осылайша медициналық мекеме (сақтанушы) жылына бір рет сақтандыру компаниясына (сақтандырушыға) медициналық қызметкердің мамандығына байланысты белгіленген мөлшерде жарна (сақтандыру сыйақысын) аударады. Бұл мөлшер медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру қағидаларына 1-қосымшада көрсетілген.
Фото: depositphotos.com
Науқасқа қанша төлемақы төленеді?
Өтемақы мөлшері сақтандыру компаниясы мен медициналық мекеменің келісіміне және келтірілген зиянның деңгейіне қарай анықталады. Ереже бойынша, зиянның ауырлығына, емдеу шығындарына және науқастың денсаулығына тигізген әсеріне байланысты сомасы белгіленеді.
Ал сақтандыру жарнасының мөлшерлері Кодексте белгіленген.
- Науқас қателік салдарынан қайтыс болса, 3 000 АЕК (2024 жылы 11 миллион 76 мың теңге);
- Мүгедектікке әкеп соқтырса, 500-800 АЕК-ке дейін (2024 жылы 846 мың мен 2 миллион 953 мың 600 теңге аралығында);
- Мүгедектікке дейін 300 АЕК-ке дейін (2024 жылы 1 миллион 107 мың 600 теңге);
- Баланы мүгедектікке жеткізу 500 АЕК (2024 жылы 1 миллион 846 мың теңге).
Фото: depositphotos.com
Сонымен қатар Заңда "медициналық оқыс оқиға (инцидент) сақтандыру жағдайы болып табылмайды" деп атап өтілген. Бұл ұғым Кодекстің 270-3-бабының 1-тармағында түсіндіріледі:
"Медициналық оқыс оқиға - медициналық көмек көрсету стандарттарына сәйкес және технологиялар, жабдықтар мен құралдарды пайдаланып, ағзаның қалыпты қызметінен ауытқуынан туындайтын, науқастың өмірі мен денсаулығына зиян келтіруі мүмкін, сондай-ақ науқастың өліміне әкеп соқтыруы мүмкін оқиға. Яғни дәрігер емдеу кезінде стандарттарды сақтаса да, науқасты қайтыс болуы".
Сондай-ақ заңда денсаулық сақтау субъектісі төлеген сақтандыру сыйлықақысы сомасының 5 пайызынан аспайтын сақтандырылған медицина қызметкерлеріне адвокаттардың қызметтеріне ақы төлеуге арналған шығыстарды өтеу сомасы белгіленген.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Б. Жұмаділлә