“Медициналық ақпараттық жүйеде кемшілік көп“ - депутат

Депутат Русана Сулаймонова медициналық ақпараттық жүйеде кемшілік көп екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға депутаттық сауал жолдады. Депутаттың пікірінше, бүгінде медициналық ақпараттық жүйелер медицина қызметкерлерінің негізгі жұмыс құралдарының біріне айналған.

"Алайда деректі қайта енгізу, ақпаратты әртүрлі бөлімнен іздеу, кейбір операцияларды қолмен орындау және интернетке тәуелділік қосымша жүктеме туғызып, медицина қызметкерлерінің науқасқа бөлуге болатын уақытын алады", - деді ол.

Русана Сулаймонова медициналық ақпараттық жүйелерді қолдану барысында туындайтын бірқатар мәселеге назар аударуды сұрады:

"Науқастың маңызды медициналық дерегі жүйенің әртүрлі бөлімінде орналасқандықтан, дәрігер оларды қайта іздеуге немесе енгізуге мәжбүр. Бірыңғай анамнез болмауы толық ақпаратты жылдам алуды қиындатып, дәрігердің уақытын алады. Екіншіден, техникалық ақау шыққанда немесе интернет болмаған жағдайда медициналық қызмет көрсету қиындайды. Бұл шалғай ауылдар мен цифрлық мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін өзекті. ​Үшіншіден, кейбір көрсеткіштер медицина қызметкеріне ғана емес, науқастың өзіне де байланысты. Дәрігер науқасты шақырып, хабарлап, жолдама бергенімен, науқас келмеуі, бас тартуы немесе байланысқа шықпауы мүмкін".

Осыған байланысты ол медициналық ақпараттық жүйелерде науқастың негізгі медициналық дерегі негізінде бірыңғай анамнезі, созылмалы аурулары, аллергиясы және басқа да маңызды ақпаратты автоматты түрде қалыптастыру мүмкіндігін қарастыруды; техникалық ақау шыққан кезде немесе интернет болмаған жағдайда медициналық ұйымдардың жұмысын жалғастыру үшін балама тәсілдерді енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!