Медицина саласының маманы Айгүл Қасымова 56 жасында өмірден өтті

Медицина саласының маманы Айгүл Қасымова 56 жасында өмірден өтті
Фото: instagram.com/akmaralalnazarova

Бүгін Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығының тұрақты басшысы Айгүл Қасымова 56-ға қараған шағында қайтыс болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.

"Дәл оның басшылығымен Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығының базасында кейіннен жүйелі реформалардың және халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттырудың негізіне айналған пилоттық жобалар пысықталып, енгізілді. Айгүл Құбашқызы денсаулық сақтау саласының дарынды ұйымдастырушысы, білікті менеджер, мемлекеттік деңгейде ойлайтын кәсіби маман әрі сирек кездесетін жауапкершілік сезімінің иесі ретінде ел жадында сақталады. Оны шынайы энтузиазм, мамандығына адалдық, дәрігер мен басқарушының миссиясын терең түсіну сияқты асыл қасиеттер айрықша даралады", - деді министр. 

Әріптестерінің айтуынша, ол кең пейілді, адамдарға ашық, әрдайым қолдау көрсетуге дайын, ұжымды соңынан ерте алатын, шабыт сыйлай білетін тұлға еді.

"Оның жарқын бейнесі әріптестерінің, шәкірттерінің және онымен бірге қызмет ету бақыты бұйырған жандардың жүрегінде мәңгі сақталады", - деді ол.

Ақмарал Әлназарова марқұмның туған-туыстарына, жақындарына, әріптестеріне және бүкіл медициналық қауымдастыққа шын жүректен көңіл айтып, қайғыға ортақ екенін жеткізді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget