Медицина саласында оқитын студенттер үшін маңызды өзгерістер болмақ

Медицина саласында оқитын студенттер үшін маңызды өзгерістер болмақ
Фото: depositphotos.com

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов медицина саласында оқитын студенттерді бірқатар өзгеріс күтіп тұрғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, 2022 жылға дейін оқуға түскен студенттер үшін ештеңе өзгермейді. Жаңа ереже 2022 жылдан кейін университетке қабылданғандарға қатысты болмақ.

"Бүгінде медициналық университеттерде оқу үш жүйе бойынша ұйымдастырылған. 2019 жылы түсіп, биыл оқуын аяқтайтындар 5 жыл бакалавриат және 2 жыл интернатура форматымен оқып жатыр. Олар 7 жылдық оқудан кейін тек жалпы практикалық дәрігер (ЖПД) болып жұмыс істей алады. Тар бейінді маман болу үшін резидентура қажет. 2020-2021 жылдары түскендер (2026-2027 жылдары аяқтайды) 5 жыл бакалавриат және 1 жыл интернатура бойынша оқып жатыр. Олар 6 жылдық оқудан кейін тек 6 мамандық бойынша жұмыс істей алады. Тар бейінді маман болу үшін тағы да резидентура қажет. 2022 жылға дейін оқуға түскен студенттер үшін ештеңе өзгермейді. Ал енді 2022 жылдан бастап түскендер 6 жыл оқиды. Оның ішінде бакалавриат, магистратура және небәрі 6 айлық интернатура бар. Бұл жүйенің алғашқы түлектері дипломын 2028 жылы алады", - деді ол.

Депутаттың пікірінше, бұл жүйеде мынадай бірнеше мәселе бар:

  • Жұмысқа тұру мүмкіндігі шектелуі: 2028-2029 жылғы түлектер оқуды аяқтаса да, жұмысқа тұра алмайды. Барлығы міндетті түрде резидентурадан өтуге тиіс (2-4 жыл). Ал резидентураға бөлінетін грант саны өте аз, демек басым бөлігі өз қаражатына оқуға мәжбүр болады.
  • Тәжірибе аздығы, оқу мазмұны: бағдарламадағы бір жылдық магистратура көбіне диссертация жазуға кетеді. Сонда нақты оқу 4,5 жылға созылады. Ал интернатура небәрі 6-ақ ай. Бұл уақытта студент ауруханада нақты мәртебесіз, медициналық жүйелерге рұқсатсыз және ем-домға қатысу құқығынсыз "өз бетімен" жүреді.
  • Мансап жолындағы кедергі: алты жылдық оқудан кейін олар тіпті жалпы практикалық дәрігер болып та жұмыс істей алмайды. Резидентурасыз жұмысқа жол жабық.

Асхат Аймағамбетов мынадай өзгерістер болатынын мәлімдеді:

  • 7 жылдық оқу жүйесіне қайта ораламыз. Бірақ бұл заманауи мазмұндағы бағдарлама болмақ: 6 жыл оқу және 1 жыл ауруханада толық практикалық интернатура. Оқу кредитінің саны да 300 емес, 420 болады. Осыдан кейін түлектер ЖПД және тағы 5 бағыт бойынша тікелей жұмысқа шыға алады. Невропатолог немесе нейрохирург сияқты тар бейінді маман болғысы келсе, резидентурада оқуын жалғастырады.
  • Анатомия, физиология сияқты базалық клиникалық пәндер енді типтік бағдарламаларда қатаң бекітіледі. Әр университет бұл пәндерді толық көлемде беруге міндетті болады. Осы базаны меңгергеннен кейін тәуелсіз алаңда арнайы емтихан тапсырады.
  • Дәрігер интерн мәртебесі. Интернатураға барғандар енді заңмен бекітілген ресми мәртебе алады.

"Ең маңыздысы - таңдау құқығы. 2022 жылдан бастап ескі бағдарламамен түскен студенттерге мүмкіндік береміз. Студент "6 жыл оқып, бірден резидентураға барамын, мәселелерді білемін және қолданыстағы жүйемен оқуымды жалғастырамын" десе, осы қолданыстағы жүйемен қала алады. "Жаңа бағдарламаға ауысып, 7 жылдан кейін тікелей жұмысқа шыққым келеді" десе, оған да құқылы. Студенттердің ұсынысын ескеріп, осы таңдау мүмкіндігін заңнамалық түрде бекітеміз", - деп түйіндеді депутат.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget