Екібастұзда бала өліміне қатысты іс тергеліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қайғылы оқиға 5 қазанда Екібастұз қалалық ауруханасында болған. Өңір тұрғыны Дана Құрманғалиева бір жарым жасар баласымен осы ауруханаға түскен. Бала жөтеліп тұрған, сондықтан ата-ана медициналық көмекке жүгінген.
"Дәрігерлер қарап, тамағы қызарғанын айтты, инъекция жасап, кейін кетіп қалды. Түні бойы ұлым ұйықтамады. Таңертең тағы да жедел жәрдем шақырдым. Бізді балалар бөліміне алып келді, дәрігердің орнына бізді екі медбике қабылдады. Кезек күтіп жатқанда, ұлым басқа балалармен ойнап жүрді, қатты жөтел, температура болмады. Кейін бізге реаниматолог келіп, ингаляция жасап, салбутамол сатып алу керегін айтты. Мен дәріханаға кеттім, ал ұлым ұйқысыз түннен кейін күйеуімнің қолында ұйықтап кетті. Баламнан айырылатынымды білсем, оның жанынан бір секундқа да кетпес едім", - деді әйел.
Оның айтуынша, медбике процедуралар жүргізе бастағаннан кейін ұлының жағдайы нашарлаған.
"Ұлым әлі толық оянбаған кезінде оған екі инъекция жасалды, содан кейін екі рет зонд қойылып, үш рет шприц арқылы сұйықтық құйылды. Ал бала оны тезірек жұтып қою үшін мұрнын қысты, ол тұншығып қалды. Осы кезде мен дәріханадан келген едім, медбикелер баламды алып, бөлімшеде жүгіріп жүр екен. Осы уақыт ішінде олар оны арқасынан, кеудесінен ұрды, бірақ сұйықтық шықпады. Жұмыс істемейтін лифттің маңында бірнеше минут тұрды. Содан кейін олар баспалдақпен төмен түсіп, көрші ғимаратқа, ересектерге арналған жансақтау бөліміне жүгірді, өйткені балаларға арналған жансақтау бөлімі жоқ. Мұның бәрі жиырма минутқа созылды, олар осылай жүгіріп жүргенде, ұлым өліп бара жатты", - деді баланың анасы.
Қазір оқиғаның нақты себебі анықталып жатыр.
"Денсаулық сақтау басқармасы осы дерек бойынша комиссия құрып, гистологиялық зерттеу нәтижелерін алғаннан кейін қызметтік тергеу жүргізеді", - деді облыстың денсаулық сақтау басқармасы өкілі.
Ал баланың ата-анасы дәрігерлерді кінәлайды. Олар полицияға, прокуратураға, сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментіне арыз жазыпты.
"Қабылдаған кезде олар ұлымда ЖРВИ екенін айтып, ауруханада бақылау үшін қалдырды. Ал кешке қайтыс болған кезде пневмония болды дейді. Бірақ осы уақытқа дейін рентген суреті берілген жоқ. Осы үш аптада ауруханадан ешкім хабарласпады. Ұлымыздан медицина қызметкерлерінің сауатсыздығынан айырылдық деп санаймыз және оның өліміне жол бергендердің барлығын жауапқа тартуды талап етеміз", - деді баланың ата - анасы.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!