- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Медеудегі өртті сөндіру...
Медеудегі өртті сөндіру кезінде ТЖД қызметкері жарақат алған
Медеудегі тау баурайында шыққан өртті сөндіру кезінде ТЖД қызметкері жарақат алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
7 мамырда сағат 23:52-де Алматы қаласы Медеу ауданы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің филиалы Кіші Алматы орманшылығының тау баурайында құрғақ шөптер мен құлаған ағаштар жанып жатқаны анықталған. Дереу оқиға Алматы қаласы ТЖД жеке құрамының 59 адамы мен 15 техникасы, сондай-ақ, МҰТП жедел тобы жіберілген.
"Өрт сөндіру кезінде Алматы қаласы ТЖД "Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі" ММ Мамандандырылған жасақ бөлімшесінің командирі азаматтық қорғау аға сержанты Оқасов Ерік Алмасбекұлы қолынан жарақат алды", - делінген хабарламада.
Қазір өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Оқиға орнына су төгетін құрылғысы бар Ми-171 ҚР ТЖМ "Қазавиаспас", Ми-8 "Қазавиаспас" АҚ тікұшақтары жұмылдырылған. Сонымен қатар, "Іле Алатау" МҰТП қызметкерлерінен 42 адам және Төтенше жағдайлар департаментінен 32 адам мен 5 техникасы жұмыс істеп жатыр. Өрттің алдын ала мәлімет бойынша ауданы 3 гектар болады.
Еске салайық, бұған дейін Медеудегі тау баурайында өрт шыққаны хабарланған еді. Кейінірек тау баурайында өртті сөндіру барысында 1994 жылы туған Алматы қаласы ТЖД Өртсөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қызметкері, 7-ӨСБ аға өртсөндіруші-құтқарушысы азаматтық қорғау сержанты Құрманбеков Арслан Жолдасбекұлы қаза тапқаны белгілі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова