• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Медеу мұз айдынына жөндеу жүргізілмек: тарихи нысан қандай өзгеріске түседі?

Медеу мұз айдынына жөндеу жүргізілмек: тарихи нысан қандай өзгеріске түседі?
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыдағы Медеу мұз айдыны аумағында жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы қала әкімдігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мұз айдынының айналасына жаңа аллеялар мен серуендеу маршруттары салынбақ. 

"Медеу" БТСК аумағын көркейту жұмыстары аясында мұз айдынының батыс сызығы бойымен серуендеу аллеясын құру, мұз айдыны айналасында жаяу жүргіншілерге арналған баспалдақтар орнату, оңтүстік беткейде, Есентай өзенінің оң жағалауы бойымен көркейту жұмыстарын жүргізу, іргелес аумақты жақсарту мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлы болуы үшін оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс бөлігінде екі жедел саты орнату көзделген", - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ инженерлік жүйелер, коммуникациялар мен электр жабдықтарын толықтай ауыстыру жоспарланып отыр.

"Реконструкциялау барысында Медеу мұз айдынының тарихи келбеті мен мәдени мұрасы сақталады", - деп мәлімдеді әкімдік өкілдері.

Медеу - жасанды мұз айдыны бар, дүниежүзіндегі ең ірі спорт кешені. Алматы қаласынан 18 шақырым жерде, Кіші Алматы шатқалында, теңіз деңгейінен 1691,2 метр биікте орналасқан. Мұз айдыны ретінде 1951 жылы пайдаланыла бастады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Н.Сац атындағы театрды жөндеуге 21,7 млрд теңге бөлінетіні хабарланды. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget