«Медеу» мен «Шымбұлақ» аймағына жекеменшік көліктердің еркін кіріп-шығуына шектеу қойылды. Бұл шектеудің демалыс аумағында тұратын және қызмет ететін азаматтарға қатысы жоқ.
Алматы әкімдігінің мәлімдеуінше, аталған таулы аймақтарға кіріп-шығуға арналған кесте бойынша демалыс аумағында тұратын және жұмыс істейтін азаматтарға арнайы кіру құжаты беріледі.
Одан өзге алматылықтар мен қала қонақтары «Медеу» мен «Шымбұлаққа» фуникулер немесе газ отынымен жүретін таксимен жете алады.
Естеріңізге сала кетсек, Елбасының тапсырмасын орындау аясында «Медеу» мұз айдынынан «Шымбұлаққа» дейінгі жолда жекеменшік автомобильдердің жүруіне тыйым салынған болатын. Сондай-ақ, 2016 жылдың 18 қаңтарында Алматы әкімі қабылдаған Медеу мемлекеттік өңірлік табиғат паркін кешенді дамыту аясында «Денсаулық» баспалдағы жөнделеді.
Көлік тұрағы мен «Медеу» кешеніне дейінгі жаяу жүргіншілер жолының бірыңғай жүйесі жұмыс істейді. Франция, Швейцария сынды мемлекеттердің тәжірибесін негізге ала отырып, «Медеу» паркінің демалатын жерлерінде қажетті барлық жағдай қамтамасыз етіледі.
Дереккөз: BNews.kz