Ақтөбеде жалған медициналық анықтама рәсімдеген медбике ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жедел іздестіру шаралары барысында жалған медициналық анықтама беру кезінде қаланың клиникаларының бірінің ғимаратында медбике ұсталған.
Жедел ақпаратқа сәйкес күдікті пайда табу мақсатында танысымен алдын ала сөз байласып, жалған медициналық құжаттарды (№075, №086 анықтамаларын және санитарлық кітапшаларды) дайындау және сату бойынша заңсыз схема ұйымдастырған.
"Олар азаматтарды міндетті зертханалық тексерістен және бейінді мамандардың медициналық тексерісінен өткізбей, жалған медициналық анықтамалар рәсімдеген. Мұндай құжаттар үшін олар 5 000-нан 10 000 теңгеге дейін ақшалай сыйақы алып отырған", - деп жазылған Ақтөбе облысы ПД хабарламасында.
Осындай анықтама сатып алған 40 азамат анықталған. Тінту барысында жалған мөрлер тәркіленген. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!