Мбаппені ұрламақ болған 18 жастағы жігіт ұсталды

Францияда "Реал" шабуылшысы Килиан Мбаппені және тағы бірнеше ауқатты адамды ұрлауды немесе тонауды жоспарлады деген күдікпен 18 жастағы жігіт қамауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 1bol.kz-ке сілтеме жасап.

Le Parisien мәліметінше, Клеман Л. есімді күдікті 11 сәуір мен 19 тамыз аралығында жасалған және жоспарланған бірқатар қылмыстың ұйымдастырушысы болуы мүмкін. Ықтимал нысаналардың қатарында футболшылар, рэперлер, зергерлер мен кәсіпкерлер бар.

Тергеушілер күдіктінің ізіне сәуірде Нёйи-сюр-Сен қаласында сағат сатушыға жасалған шабуылдан кейін түскен. Тәркіленген екі ұялы телефоннан 26 адамның аты-жөні, мекенжайы және жеке мәліметтері жазылған тізім табылған. Солардың бірі - Килиан Мбаппе. ⁠

Клеман Л. мен оның болжамды сыбайласы 21 тамызда Нантер сотының алдына жеткізілді. 18 жастағы күдікті қамауға алынып, жеке камераға орналастырылды. Екінші фигурант сот бақылауымен босатылған.

Тергеу кезінде күдікті заңсыз әрекеттерге қатысы барын ішінара мойындағанымен, өзін қылмыстардың ұйымдастырушысы емес, тек делдал ретінде көрсеткен.

Құқық қорғау органдары тізімдегі адамдарға қарсы нақты шабуылдар дайындалғанын және іске тағы кімдердің қатысы болуы мүмкін екенін анықтап жатыр. 

27 жастағы Килиан Мбаппе "Реал" сапында 2024 жылдан бері өнер көрсетеді. Оның мадридтік клубпен келісімшарты 2029 жылға дейін есептелген.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!