Төтенше жағдай министрі Шыңғыс Әрінов "Майқайың-алтын" АҚ-ға тиесілі кен орнындағы шұңқырға құлап, үйінді астында қалған құтқарушыларды іздеу дайындық шараларынан соң қайта жалғасатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкімет отырысынан соң "Министрге "Майқайың-алтын" фабрикасының аумағында болған апатқа шамамен жарты жыл болды. 2 құтқарушы сол күйі табылмады. Оларды іздеу жұмысы жалғаса ма?" деген сұра қойылды.
Шыңғыс Әрінов дайындық жұмысы жүргізіліп жатқанын жеткізді.
"Қазір "Майқайың алтын" АҚ-да құтқарушыларға қауіп төнгендіктен олардың жұмысы тоқтатылды. 13 мамырдан бастап дайындық жұмысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде (кен орнының) солтүстік-шығыс бөлігіндегі құлаған топырақты кеңейту жұмысы әлі жүргізілуде. Ол біткеннен кейін құтқарушыларға қолайлы жағдай жасалса, (құтқарушыларды іздеу) жалғасады", - деді министр.
БАҚ өкілі "Сіз министр ретінде "Біз міндетті түрде іздеуді жандандырамыз? Қазір (құтқарушылар) іс-түссіз жоғалды деп танылды. Оларды міндетті түрде табамыз деп уәде бере аласыз ба? Жарты жылдан бері (құтқарушылардың) туыстары зар еңіреп, жылап отыр" деп сұрағын нақтылады.
Шыңғыс Әрінов құтқарушыларға қауіп төнбесе, іздеу жалғасатынын атап өтті.
"Ол кісілердің мәйіттерін шығарамыз деп (жүргенде) құтқарушылардан айырылып қалмайық деген мақсатпен барлық қауіпсіздік шарасын қабылдап жатырмыз. Сондықтан түсінулеріңізді сұраймын", - деді министр.
Айта кетейік, биыл 4 қаңтарда Павлодар облысы "Майқайың-алтын" АҚ-ға тиесілі кен орнында 4 құтқарушы мінген автобус опырылған топырақтың астына құлап кеткен еді. Сол күні 2 адамның сүйегі жер бетіне шығарылды, тағы 2 құтқарушының сүйегі әлі табылмады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!