Ақтөбе облысында екі адамды жауыздықпен өлтіргендер ауыр жаза арқалады. Бас күдікті бүгінгі сотта кінәлі деп танылып, 22 жылға сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Бұл оқиға осыдан 1,5 жыл бұрын Кеңқияқ кентінде болған. Жаңа жыл қарсаңында ауылдастарының бірі келіншекпен арақ ішіп отырғанын білген үшеуі үстінен түседі. Мейрамды тойлатып отырып үй иесімен Қолғанат Еркін сөзге келеді. Оны сол бойда пышақтап, бірге отырған келіншекті бөлмеге қамайды. Оның ұялы телефоны арқылы несие де рәсімдетпек болған. Ұрып-соғып, оған да пышақ сұққан. Ақырында өлген екеудің сүйегін өртеп, қылмыстың ізін жасырған.
Қанды қылмысты көзбен көрген Айбат Кереев пен Қуаныш Мәтен ештеңе істемеген. Бас күдікті бірер күн ішінде ұсталса, Кереев жарты жылдан соң полицияға өзі берілді. Өйткені марқұмдар түсіне кіріп, маза бермеген көрінеді. Сондықтан қылмысты дер кезінде хабарламағаны үшін Айбат Кереев 3 жарым жыл арқалады.
Ал Қуаныш Мәтен 5,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
"Жазаларды түпкілікті ішінара қосу арқылы Еркінге түпкілікті 22 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жаза өтеу орны қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздіктегі меемесінде тағайындалсын. Жаза өтеу мерзімі үкім заңды күшіне енген күннен бастап есептелсін", - деді Ақтөбе облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрлан Бақтығалиев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!