Индонезияда кондитерлік фабрикада болған ірі өрттен кейін 50-ге жуық жұмысшы іздестіріліп жатыр. Құтқарушылар оқиға орнынан адам сүйектері мен мәйіт қалдықтары салынған жеті қап тапты. Өрт басталғанына бір тәуліктен асса да, жалынды толық сөндіру мүмкін болмай отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Reuters-ке сілтеме жасап.
22 қарашада Индонезия полициясы өрт орнынан мәйіт қалдықтары салынған жеті қап табылғанын мәлімдеді. Алайда бұл жеті адам қаза тапты деген сөз емес. Полицияның түсіндіруінше, бір қапта бірнеше адамның дене қалдықтары болуы мүмкін.
Өрттің алапат болғаны соншалық, қаза тапқандарды сыртқы белгілеріне қарап тану мүмкін емес. Сондықтан олардың кім екенін анықтау үшін ДНҚ сараптамасы жүргізіледі.
"Өрт орнынан мәйіт қалдықтары салынған жеті қап табылды. Өкінішке қарай, қаза тапқандардың кім екенін сыртқы белгілеріне қарап анықтау мүмкін емес деген қорытындыға келдік", – деді полицияның қаза тапқандарды анықтау қызметінің өкілі Вахью Хидаяти.
Оның айтуынша, өрт әлі толық сөндірілмеген. Ал қаза тапқандардың кім екенін анықтауға екі-үш апта уақыт кетуі мүмкін.
Қазір мамандар жоғалған жұмысшылардың туыстарынан ДНҚ үлгілерін алып жатыр. Сондай-ақ, сараптама үшін олардың үйлері мен жатақханаларынан жеке заттары жиналып жатыр.
Фабрика иесі баспасөз мәслихатында өрт шыққан күні кәсіпорында 300-ге жуық қызметкер жұмыс істегенін айтты.
"50 адам дегеніміз – әзірге қайда екенін анықтай алмаған жұмысшылардың саны", – деді ол.
Өрт 21 қарашада кешке Ява аралының батыс бөлігіндегі Серанг өңіріне қарасты Чиканде ауданындағы кондитерлік фабрикада шыққан. Өрттің неден тұтанғаны әзірге белгісіз. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Құтқарушылар ғимарат ішінде қалып қойған болуы мүмкін адамдарды іздеп жатыр. Алайда фабриканың кей бөліктері опырылып құлауы мүмкін болғандықтан, іздестіру жұмыстары қиындаған.
Өрт шыққан фабрика Индонезияның United Family Food компаниясына тиесілі.
Компания 1981 жылы құрылған. Оның ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, кәсіпорын ел аумағында түрлі азық-түлік пен күнделікті тұтынуға арналған тауарлар шығарады.
Компанияда шамамен 5 мың адам жұмыс істейді. Оның Индонезияда бас кеңсесі және шетелде төрт өкілдігі бар.
Кәсіпорын 250 миллионнан астам тұтынушысы бар нарыққа өнім жеткізеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz