- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Майра Ілиясова әуежайдан...
Майра Ілиясова әуежайдан тікелей сайлау учаскесіне келді
ҚР еңбек сіңірген әртісі, белгілі әнші Майра Ілиясова референдумда дауыс беру үшін Астана әуежайынан тікелей сайлау учаскесіне келді – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шымкенттен бір сағат бұрын келген әншіні учаскіге кіргеннен тыңдармандары қаумалап, бүгінгі саяси оқиға кезіндегі белсенділігі үшін алғыс білдірді.
"Мен Шымкент қаласынан келдім, ұшақтан түскен бетте бірден сайлау учаскесіне келіп тұрмын. Мен өз таңдауымды жасайтын кезде көп ойландым. Өзім жұмыс істейтін Еркеғали Рахманов атындағы филармонияға бірнеше рет сала мамандары келіп, өз ойларын айтты. Бізге дейін де бірнеше үлкен державалар атом құрылысын қолға алған. Кабинаға кірген адамдар өз таңдауларын дұрыс жасап жатыр деп сенемін", – деді Майра Ілиясова.
Әнші дауыс берген Есіл ауданындағы №182 учаскіде таңнан бері келушілер қатары толастамай тұр. Комиссия хатшысы Ақбота Әлімбекованың айтуынша, тұрғындар өте белсенді.
"Таңғы сағат жетіден бастап келушілер қатары бір сиремеді. Ешқандай келеңсіздіктер орын алмады. Жалпы учаскіде 2907 адам дауыс беру керек, түске дейін халықтың 30%-ы келді", – деп пікір білдірді комиссия хатшысы.
Айта кетейік, атом электр станциясын салу бойынша өтетін республикалық референдумда Астананың 900 мыңнан астам тұрғыны дауыс беруге қатысады. Электораттың 40 мыңы саяси науқанға бірінші рет қатысады. Қалада 21 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан үшін 66 инватакси жұмыс істеп тұр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Бақдаулет