- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Маймыл шешегі: ДСМ...
Маймыл шешегі: ДСМ қазақстандықтарды сақ болуға шақырды
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев әлемде маймыл шешегінің тарауына байланысты Қазақстан азаматтарын сақ болуға шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министрдің орынбасары маймыл шешегі өте жұқпалы ауру екенін атап өтті.
"Қазір вирус Африкада ғана емес, басқа материкте тарап жатыр. Соңғы 2 жылда 100-ден аса мемлекетте маймыл шешегі тіркеліп, 100 мыңға жуық адам вирус жұқтырды", - деді Тимур Сұлтанғазиев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министр елімізде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп жатқанын айтып, қазақстандықтарды сақ болуға шақырды.
"Қазақстанда маймыл шешегінің тіркелуін болдырмау үшін вирустың кіру жолын яғни аэропорт, пойыз және жолдарды бақылауымыз керек. Аталған нысандарда термометрия құралдары қойылды. Маймыл шешегінің негізгі белгілері – дене қызуының көтерілуі, теріде түрлі дақтың пайда болуы", - деді министрдің орынбасары.
Тимур Сұлтанғазиев алдағы уақытта қауіпті ауру анықтайтын ПТР-тест сатып алынатынын айтты.
"Бұл вирустың спецификалық емі немесе профилактикалық жолы, вакцина салдыру деген жоқ. Қазір қажет ПТР-тест сатып алынып жатыр. Болашақта Қазақстанда аталған тестер болады", - деді вице-министр.
Еске салайық, бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Африкада маймыл шешегінің өршуі жайлы мәлімдегенін жазған болатынбыз.
ДДСҰ мәліметтері бойынша, маймыл шешегін бастапқы кезеңдерде басқа аурулармен шатастырып алу оңай. Ауру әлсіздік, жоғары температура, бас және бұлшықеттер ауыруынан басталады. Бірнеше күннен соң басқа да белгілер, соның ішінде бөртпе пайда болады. Вирус ауа-тамшылы жолмен және қол алысу секілді жанасу арқылы беріледі.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Есен