Майлы және өңделген тағамды көп жеу денсаулыққа, соның ішінде жүрек-қан тамырлар жүйесіне зиян келтіреді. Сондықтан ғалымдар зиянды өнімдерді дұрыс сусындармен үйлестіруді ұсынды - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі DoctorPiter-ге сілтеме жасап.
Жаңа зерттеу Food & Function ғылыми журналында жарияланды. Оған дене салмағының индексі дұрыс 23 адам қатысты. Тәжірибеге қатысушылардың орташа жасы - 22 жас.
"Олар майлы және қанты көп тағамды дәрігерлер ұсынғаннан да көбірек жеді. Оған қоса, олардың барлығында жасұнық жетіспеушілігі байқалды", - делінген материалда.
Зерттеуге қатысушыларға таңғы асқа 10 грамм тұздалған май, бір жарым тілім чеддер ірімшігі, 250 миллилитр сүт және екі круассан берілді.
Содан соң қатысушылардың жартысы құрамында флаванолы аз какао сусынын (шамамен 5,6 миллиграмм), ал қалғандары құрамында флаванолы көп какао (695 миллиграмм) ішті.
Содан кейін еріктілерге аздап демалып алу үшін 8 минут уақыт берілді. Содан соң қатысушылар арифметика бойынша 8 минуттық тест тапсыру қажет болды. Қате жауаптар болған жағдайда тапсырманы орындау уақыты артты.
Ғалымдар 16 минут бойы барлық қатысушының білегіндегі қан ағымын, жүрек белсенділігін және префронтальды қыртыстағы (шешім қабылдауда, жоспарлауда және зейін қоюда шешуші рөл атқаратын ми аймағы) оттегінің деңгейін өлшеді.
Тапсырмаларды орындау жүрек соғу жиілігін және қысымды айтарлықтай арттырды. Бұл әсер күнделікті өмірдегі стрестің әсеріне ұқсас болды.
Ғалымдар құрамында флаванолы аз сусын берілгендердің қан тамырларының қызметі төмендегенін және ол 90 минутқа дейін созылғанын анықтады. Флаванолға бай сусын ішкендер үшін бұл көрсеткіш жарты сағатты құрады.
"Қатты стресс тамырларға зиян тигізеді, ал майлы тағамдар олардың қалпына келуін баяулатады. Ғалымдардың айтуынша, құрамында флаванолдары бар өнімдер бұл әсерді жояды", - делінген мақалада.
Егер сізге какао ұнамаса, оны көк шаймен алмастыруға болады. Сусын жақсы әсер беру үшін оны тамақтанғаннан кейін бір сағаттан соң ішу керек.
Сондай-ақ майлы тамақтан кейін бір уыс жидек жеуге болады, себебі олардың құрамында да флаванолдар көп.
Еске салайық, ғалымдар бұған дейін қызықты зерттеудің нәтижесін бөліскен болатын. Олар үйленген және бойдақ адамдарды зерттеп, кімдер депрессияға жиі шалдығатынын анықтады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!