Көкшетауда қаланың шеткі аумағында орналасқан Сарыарқа шағынауданындағы тұрғын үйлердің сапасы сын көтермейді. Көпқабатты үйлердің жертөлелері мен іргесінен су кетіп, тұрғындардың газсыз, жолсыз, сусыз қалатын уақыттары аз болмайды. Бұл аудан тұрғындарын қатты қинайтын мәселе - көктемгі және күзгі уақыттарда қар еріген тұста жүретін жер қалмауы. Майлы батпаққа малшынған тұрғындар арыз-шағымын жергілікті билікке айтып жүр. Алайда күні бүгінге дейін мәселе шешімін таппаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сарыарқада тұратын жұртшылық кішігірім көлмен бірдей батпақтардан автобус аялдамаларына жете алмай жылда әлекке түседі. Өйткені бұл ауданның пайда болғанына бірнеше жыл болғанымен инфрақұрылым жетпеген. Жаяулар жүретін жол мүлде салынбаған жерлер де жетерлік. Аудан тұрғындары биылғы қардың мол түсуі жағдайды бұрынғыдан да қиындата түскенін айтады.
"Жылдағы жағдай осы. Шағынаудан тұрғызғанымен мұндағы инфрақұрылымды мүлде ұмытқан сияқты. Батпақты кешіп жүріп, жұмысқа барамыз. Бала-шағаға мүлде обал. Күн сайын толарсақтан саз кешеді. Осында баспана алғаннан бері майы шыққан жолдың машақатын тартып келеміз. Қала әкімдігіне, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына талай мәрте шағымдандық. Бұқаралық ақпарат құралдары да талай мәселе көтерді. Бірақ еш өзгеріс жоқ. Жылда көктем шыға батпақ кешіп күніміз өтеді. Автобус аялдамасына жеткенше жарты сағаттан артық уақытымыз кетеді", - дейді Сарыарқа шағын ауданының тұрғыны Елена Михайлова есімді қала тұрғыны.
Аудан тұрғындарын автобус қатынасы да жылдар бойы алаңдатып келеді. Тұрғындардың айтуынша, автобус аялдамасына жету үшін кемінде жарты сағат уақыт кетеді. Ал батпақ жолдармен жүргенде одан да ұзағырақ уақыт алады екен.
Мәселе жөнінде қалалық әкімдікке қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі өкілдері ресми пікір білдірді. Бөлім бұл мәселені шешуде тек коммуналдық қызметтің көмегімен жайылған суды уақытша сорумен шектелмек.
"Қаланың коммуналдық кәсіпорындары бұл аумақтағы суды сорып алып, құм мен қиыршық тастар төсейді. Барлық тиісті жұмыс жүргізіледі", - дейді Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі өкілі.
Абзал Алпысбайұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!