Майқайыңдағы жұмыс қайта жанданды
Павлодар облысында "Майқайың алтын" АҚ аумағында жер астына түсіп кеткен автобусты іздеу жұмыстары қайта жанданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазір мамандар одан әрі тау-кен жұмыстарын бастады. Павлодар облысы ТЖД мәліметінше, шұңқырдың маңайына қоршау орнату үшін жерді қашау жұмыстары жүргізіледі.
"Ауыр тау-кен техникасы көмегімен шұңқырдың түбіне түсу жұмыстарын ұйымдастырдық. Бұл - шұңғыманың түбіне қауіпсіз түсу мақсатында жүргізіліп жатқан іздеу жұмыстарының жалғасы. Қазір аспалы жақтауларды алып жатырмыз, олар кез келген сәтте сынып кетуі мүмкін. Содан кейін автобус жатқан болуы мүмкін орынға техниканы түсіреміз", - деді "Майқайыңалтын" АҚ бас директоры Қуаныш Ботин.
Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін құтқарушылар шұңқырдың түбінде іздеу-құтқару жұмыстарына кіріседі.
"Біз геосканерлеу жұмыстарын жүргізген сараптама ұйымының мамандарын тарттық және металл көлемді нысан жатқан екі негізгі аумақты көрсеттік. Екі аймақ та шұңқырдың түбінде орналасқан. Міндет - осы аймақтарға жетуге тырысып, аса сақтықпен және қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып адамдарды табу", - деп түйіндеді Ботин.
Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, жұмыс бұрынғыдай тәулік бойы жалғасады.
Еске салайық, бұған дейін Майқайыңда шұңқырға құлаған автобуспен бірге табылмай жатқан құтқарушы Айдос Шаймерденнің әйелі әлеуметтік желі арқылы тағы да үндеу жолдады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова