Майқайың кенішіндегі апат кезінде қаза тапқан құтқарушы Сарқыт Бердіқанның ата-анасы кері көшкелі жатыр. Олар былтыр Жетісу өңірінен Павлодар облысына қоныс аударған еді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Марқұмның әкесі Сарқыт Қазанғап өздерінің күн көрісі нашарлап кеткенін, әйелі екеуінің де жұмыссыз екенін айтты.
"Жалғыз асыраушымыздан айырылып қалдық. Әйелімнің жұмыс істеуге денсаулығы жарамайды. Мен де бір ай болды, жұмыстан шықтым. Өйткені денсаулығым сыр берді. Қазір дәрігерге қаралып жүрмін. Жетісу облысында үлкен қызым мен күйеу балам қалған, соларға барамыз", - дейді Сарқыт Қазанғап.
Олардың бес ай бұрын Майқайың кенішіндегі апатта жалғыз ұлы мерт болды. Бердіқан Сарқыт шұңқырға автобус құлаған күннің ертеңінде өлі табылған.
Кен байыту комбинаты мен жұмыс беруші тарап қаржылай көмек көрсеткен. Алайда ол ақшаның бәрі марқұмның әйелінің қолына тиіпті. Ол қазір екі баласын алып, бөлек шығып кеткен.
Сарқыт Қазанғаптың мектепте оқитын тағы екі қызы бар. Соларды алып, Жетісу өңіріне көшуге бел буды.
Павлодар облысына 2023 жылы оңтүстік өңірлерден ішкі көші-қон бағдарламасы бойынша 3 352 адам қоныс аударған. Барлығы да өңірлік квота бойынша қаражат алған. Әйтсе де, былтыр 234 адам қайта көшіп кеткен.
"Әр адам басына 70 АЕК көлемінде қолдау қаржысы берілді. Сатып алған баспаналарының 50 пайызын мемлекет өтеді. Көші-қон заңына сәйкес, әлеуметтік келісім шарт жасалды. Сол бойынша олар келген жерінде кем дегенде бес жыл тұруы керек. Одан бұрын көшіп кетсе, квотаны қайтарады. Қайтармаса, сот арқылы мәжбүрлеуге тура келеді", - дейді Павлодар облыстық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту басқармасының бөлім басшысы Жандос Серікұлы.
Е.Базарқұл
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!