Майқайыңда тағы төтенше жағдай жарияланды
1 наурыздан бастап Павлодар облысы Баянауыл ауданы Майқайың кентінде жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Төтенше жағдай, "Майқайыңалтын" АҚ-ның жер асты кеніші аумағында болған апаттан соң шұңқырға жақын орналасқан тұрғын үйлерде тұратын адамдардың өміріне төнген қауіп-қатер ықтималдығына байланысты жарияланған.
"Баянауыл ауданының әкімдігі кеніш және кент аумағында төтенше жағдай жариялады. Сараптама жасайтын ұйыммен келісім жасау үшін қаражатқа сұраныс берген. Үш-төрт сараптаушы ұйым бар соның бірін таңдайды. Олар барлық кент аумағында адам өміріне қаншалық қауіп төніп тұрғанын анықтайтын болады", - дейді Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашев.
Айта кетейік, жыл басында кеніш аумағында апат болғанда оған жақын орналасқан тұрғындарға да қауіп төнді. Өйткені жер жарылып сызаттар түскен. Ал Майқайың кентіндегі "Шанхай" деп аталатын жүз шақты отбасы тұратын мөлтек аудан, ортасы опырылған жерден небәрі 500 метрдей қашықта ғана. Осыған алаңдаушылық білдірген Мәжіліс депутаттары қауіпті аумақтағы тұрғындарды көшіру жөнінде Үкімет пен Бас прокуратураға сауал жолдаған.
Е.Базарқұл
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz