Павлодар облысы Майқайың кентіндегі суық су құбырында анықталған ақауды жөндеу жұмыстары аяқталды. Жөндеу жұмыстарына 240-тан астам адам және 70 бірлік мамандандырылған техника жұмылдырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Telegram-дағы каналында жазды.
"Мамандар су құбырының әрбір учаскесінде кезең-кезеңімен құбырдың қатып қалуы мен ауаның болуын тексерді. Мұндай учаскелер анықталған кезде құбырды бу генераторларымен жылыту жүргізілді. Жекелеген учаскелерде құбырдың айналасындағы топырақ көмір және ағаш шпалдарды жағу арқылы жылытылды. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 13.4 км құбыр (жер асты және жер үсті құбырлары) жылытылды. Барлық анықталған ақаулар жойылды, желіні толтыру жұмыстары жүргізілді. Мамандар гидравликалық режимді реттеген соң, Майқайың кентін сумен жабдықтау құбырының жұмыс қысымы артады және штаттық режимде қамтамасыз етіледі", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Майқайыңдағы жағдайға байланысты жедел штабтың отырысы өтіп, онда техногендік төтенше жағдай жариялау жөнінде шешім қабылданған еді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!