Майқайыңда орға құлап көміліп қалған автобус жатқан жерге техника жетті. Енді оған жету үшін шағын эксковатормен тереңдігі 5-6 метр болатын құмды аршу қажет, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, автобустың болжамды орналасқан жеріне арнайы техниканың кіруі үшін өткелді тереңдету жұмыстары жалғасып жатыр. Осы уақытқа дейін барлығы 200 мың тоннадан астам топырақ пен тау жыныстары шығарылды.
"Бүгін сағат 14:45-те "Майқайың-алтын" АҚ аумағындағы опырылған шұңқырдың түбіне шағын көлемді экскаватор түсірілді. Жұмыстар асқан сақтықпен және шұңқырдың бүйір қабырғаларының құлау қаупінің сақталуына байланысты барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады Павлодар облысының әкімдігі.
Жұмыстарды жүргізу кезінде жұмыс құжаттар және жол-сапар журналы бар құтқарушылардың сөмкесі, сондай-ақ, мемлекеттік тіркеу нөмірі бар автобустың шанақ бөлшегі табылды. Іздестіру жалғасып жатыр.
"Автобус болуы мүмкін жерге дейінгі топырақты қазып алу міндеті қойылған шағын экскаватордың жұмысы аяқталғаннан кейін мамандар оны жоғары көтеру жұмыстарын бастайды. Біз бұл жұмыстарды бүгін және ертең аяқтаймыз деп үміттенеміз. Іздестіру жұмыстарына барлығы 141 адам, 50 бірлік техника, 1 кинологиялық есеп және 2 бірлік дрон жұмылдырылған", - деп хабарлады Павлодар облысының әкімдігі.
Е.Базарқұл
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!