Павлодар облысындағы "Майқайыңалтын" АҚ маңында автобуста жоғалып кеткен құтқарушы Айдос Шаймерденовтің денесі табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Құтқарушының әйелі Нұрсұлу Шаймерденованың сөзінше, 19 шілдеде таңғы уақытта тағы бір құтқарушының денесі табылған. Ол - болжам бойынша, Айдос Шаймерденов.
"Болжам бойынша, құтқарушы Айдос Шаймерденов табылған. Сонымен қатар, оның жетоны табылған. Қазіргі уақытта денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Бүгін, 19 шілдеде сағат 06.15 шамасында іздеу жұмыстары жүргізілген жерде табылды. Денесін 13.45-те алып шықты", - дейді Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы басшысының орынбасары Ерлан Жарқымбеков.
Бұл ақпаратқа қатысты Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті де пікір білдірді. 19 шілдеде "Майқайыңалтын" АҚ күшімен жер қазу жұмыстарын жүргізу кезінде 70 метр тереңдікте бір құтқарушының денесі табылған, ол 4 қаңтарда "КӘАҚҚ РОШ" ЖШС-нің тағы үш құтқарушысымен бірге автобуста жұмыс істемейтін шахтаның тазарту кеңістігіне құлаған.
Бұдан бұрын 2 құтқарушыны іздеу жұмыстары қайта жанданған. Сканерлеу және автобустың нақты орналасқан жерін анықтау үшін сканері бар "Алтыналмас" АҚ мамандары тартылды. Сканерлеу нәтижелері бойынша автобустың 12 метр тереңдікте орналасқандығы анықталды.
Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу орнына Павлодар облысы ТЖД құтқарушылары келді, олар "КӘАҚҚ РОШ" ЖШС-мен бірлесіп денені жер бетіне көтеріп, жедел-тергеу тобына тапсырды.
Қайтыс болған адамның туыстарына психологиялық көмек көрсету үшін ТЖД психологы да келді. Естеріңізге сала кетейік, оқиға болған күні Павлодар облысы ТЖД құтқарушылары 2 денені тауып, жер бетіне көтерген болатын. Жұмыстар тоқтатылып, қайта жанданды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!