Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов марқұмның туыстарына көңіл айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Өңір басшысы өзінің Telegram-парақшасында бүгін "Майқайың-алтын" АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде тұрақты негізде аздаған үзілістермен іздестіру жұмыстары жүргізілгенін жазды. Соның нәтижесінде екі құтқарушының бірінің денесі табылды. Павлодар облысының ТЖД күшімен құтқарушының мүрдесі жер бетіне көтеріліп, жедел-тергеу тобына берілді.
Табылған жетон мен киімінен құтқарушылар взводы командирінің 36 жастағы орынбасары Айдос Шаймерденнің денесі табылғаны анықталды.
Облыс әкімі Айдостың ата-анасына, оның жұбайы Нұрсұлуға, сондай-ақ, туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
"Өздеріңіз білетіндей, орын алған апаттың бірінші күні екі құтқарушының – Сарқыт Берліқан мен Олег Тышкевичтің денелері табылған болатын. Енді туыстары Айдос Шаймерденді де жер қойнына тапсырып, дұға жасай алады. Марқұмға иман байлығын берсін", - деді Асайын Байханов.
55 жастағы жүргізуші Айып Тілеубергеновтің денесі әлі табылған жоқ. Іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!