Жаздың бірінші айында ел азаматтарын бірқатар өзгеріс күтіп тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маусымда Қазақстанда ең төменгі жеткілікті шекті есептеу әдістемесі толық өзгереді. Бұл - зейнетақы шотындағы тиісуге болмайтын сома, ал одан асқан жинақты азаматтар тұрғын үй сатып алуға немесе емделуге жұмсай алады.
Жаңа шек ресми түрде 4-5 маусымда күшіне енеді. Мемлекет "өмір бойғы төлем" принципіне негізделген күрделі математикалық модельді енгізеді.
Маусымда Қазақстанда жұмысшылардың құқығын қатаң қорғауға бағытталған заңнамалық өзгерістер күшіне енеді. Тұрақты жұмыс болса, азаматтық-құқықтық сипаттағы ("ГПХ") шарт жасауға ресми түрде тыйым салынады. Еңбек қатынасының кез келген белгісі (нақты кесте, жұмыс орны, басшылыққа бағыну) болса, жұмыс беруші толық еңбек шартын жасауға міндетті.
Сонымен қатар, жұмыс берушілерге 14 жасқа дейінгі балаларды (немесе 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналарды немесе әкелерді жұмыстан шығаруға тыйым салынады. Оларды қысқартуға немесе басшылықтың бастамасымен жұмыстан босатуға болмайды.
Жаздың басынан бастап Ресейге жүк көліктерінің кіру ережелері қатаңдайды. Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитеті 1 маусымынан бастап Ресей тарапы тауарларды күтуді растау жүйесін іске қосатынын ескертті. Қарапайым тілмен айтқанда, енді әрбір жеткізілім үшін арнайы QR код қажет.
Ресейлік тарап жеткізілім туралы құжатты алдын ала рәсімдеп, жүргізушіге QR код жіберуге міндетті. Жүргізуші оны телефонында немесе қағаз күйінде алып жүруі, шекарада талап етілген жағдайда көрсетуі қажет. Код болмаса, жүк көлігі Қазақстанға қайтарылады.
Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті 5 маусымда базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін жариялайды. 24 сәуірде ол 18 пайыз мөлшерінде қалған еді. Бұл жолы сарапшылар мөлшерлеме төмендеуі мүмкін деп болжап отыр.
Базалық мөлшерлемені елдегі басты пайыздық бағдар деуге болады. Ол экономика, бизнес және қарапайым азаматтар үшін ақша құнына тікелей әсер етеді.
Алматыда 1 маусымда "Алматы жастары" бағдарламасына өтініш қабылдау басталады. Қала әкімдігі мәліметінше, өтініш қабылдау биыл 1-15 маусым аралығында өтеді. Өтінішті kezekte.kz порталындағы "Тұрғын үй сервистері" бөлімінде орналасқан Almaty Jastary сервисі арқылы 1 маусым сағат 09:00-ден бастап 15 маусым сағат 18:00-ге дейін жолдауға болады. Жүйеге кіру үшін электрон цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет.
Бұған дейін оқу-ағарту министрінің бұйрығымен 2025-2026 оқу жылындағы қорытынды аттестацияны өткізу тәртібі бекітілді. 9-сынып оқушыларының қорытынды емтиханы 29 мамыр мен 11 маусым аралығында өтеді. Олар міндетті пәндер бойынша төрт жазбаша емтихан тапсырады.
11-сынып түлектеріне арналған мемлекеттік емтихандар 2 маусым мен 15 маусым аралығында өтеді. Оқушылар бес емтихан тапсырады, оның бірі ауызша форматта өткізіледі.
Негізгі және жалпы орта білім туралы аттестат тапсыру салтанаты білім беру ұйымдарында 17-18 маусым аралығында өтеді. Аттестат тапсыру іс-шарасы мектеп басшысының бұйрығы негізінде, ата-аналар комитетімен келісу арқылы мектеп ғимаратында өткізіледі.
Биыл маусымда бес күн жұмыс істейтін азаматтар үшін 8 демалыс күні, 22 жұмыс күні, ал алты күн жұмыс істейтін ел тұрғындары үшін 4 демалыс күні, 26 жұмыс күні болады.
Маусымда мемлекеттік мерекелер жоқ, сондықтан тек сенбі және жексенбі күндері демалыс болады.
Айта кетейік, биылғы маусым демалыс алу үшін ең тиімді айлардың бірі болмақ. Cебебі бұл айда 22 жұмыс күні бар, бұл - өндірістік күнтізбедегі ең жоғары көрсеткіш.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!