Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы жүктелген негізгі тапсырмалардың бірі ауыл шаруашылығындағы өнім көлемін арттыру. 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы бойынша экспортталатын өнімдер 2,5 есеге көбею қажет. Осы тапсырмаларды орындау процестері Қазақстанның түкпір-түкпірінде жүріп жатыр. Жұмыс барысымен танысып, еңбеккерлермен кездесу үшін Нұр Отан партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Ақмола облысының Целиноград ауданындағы Ақмол ауылына арнайы іссапармен барды. Агроөнеркәсіп ел экономикасының күретамыры деп айтуға толық негіз бар. Елбасы бұл саланы әрқашан назарда ұстап, әр Жолдауында нақты тапсырмалар жүктеуде. Еңбеккерлермен кездесу үшін арнайы сапарға шыққан Мәулен Әшімбаев Шаңырақ серіктестігінің жұмысымен танысты. Бұл компанияның бүгінде жұмыртқа қорабын жасайтын жеке цехы, құс етін және шұжық өндіретін зауыты бар. Бұл серіктестік өндірістің осы түрлері бойынша Республикадағы алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың қатарында. Өндіріс ошақтары жаңа технологиялық құрылғылармен қамтамасыз етілгендіктен сапалы, табиғи таза өнімдерді шығарып жатыр. Зауыттан шыққан өнімдер бүгінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларына және Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарына жеткізілуде. Мекеме басшысы Денис Плужниктің ақпаратына сүйенсек, елордадағы құс етінен ас әзірлейтін әлемдік асхананың өзі осы кәсіпорынның тұтынушыларының қатарында. Одан бөлек, кәсіпорын өнімдері шет мемлекеттерге де экспортталады. Мәулен Сағатханұлы кәсіпорын жұмысымен танысу барысында қызметкерлерді төл мерекесімен, яғни ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнімен құттықтады. Елбасы Жолдауындағы ауыл шаруашылығына қатысты мәселелерді де талқылап, осы бастамаларды жүзеге асырудағы партияның жасап жатқан жұмыстарын таныстырып, жоспарлармен бөлісті. Елбасының сенімді тірегі және еліміздің жетекші саяси күші ретінде Нұр Отан партиясы ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған барлық бастаманы жүзеге асыруға атсалысып, осы саладағы жұмыстарды қоғамдық бақылауға алады. Осылайша нұротандықтар Президентіміздің барлық стратегиялық бағдарламасын орындауға өз үлестерін қосады, деді Мәулен Әшімбаев. Іссапардың соңында партия Төрағасының бірінші орынбасары Шаңырақ серіктестігінің үздік қызметкерлеріне Нұр Отан партиясының атынан ризашылығын білдіріп, алғыс хаттармен марапаттады.