Мәулен Әшімбаев QirSabyn админдерінің ұсталуына қатысты пікір білдірді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Telegram-арна QirSabyn администраторларының ұсталуына байланысты өз ойын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сенаттың дәлізінде журналист Әшімбаевтан анонимді Telegram-арнаның администраторларының ұсталуына байланысты, ол да оларға шағым түсіруді жоспарлап-жоспарламайтынын сұрады. Мәулен Әшімбаев өзінің ұстанымын қайталап, қоғамдық саясатпен айналысатын адамдар жала мен алыпқашпа әңгімелерге дайын болуы керектігін атап өтті.

"Бұл жағдайға бейжай қарау мүмкін емес, адамдық сезімдер бар ғой. Бірақ кем дегенде бұл сөз бостандығының бір бөлігі екенін түсіну қажет, мұндай жайттарға кейде сабырлықпен қарауға тура келеді", - деді спикер.

Сонымен бірге ол белгілі бір адамдар туралы күмәнді немесе жалған ақпарат жазу мен осы ақпаратты өшіру үшін ақша талап ету арасында айырмашылық бар екенін айтты. Екінші жағдайда бұл қылмыстық іс болып табылады.

"Мысалы, депутат туралы оның қандай да бір саланы білмейтіні туралы жазуға болады, бірақ мұндай тақырыпты ақша талап ету мақсатында қолдану мүлде басқа нәрсе. Бұл қылмыстық іс. Менің түсінуімше, осы жағдайда ақша талап ету фактілері болған. Сондықтан біздің құқық қорғау органдары бұл адамдармен және бұл ресурсқа қатысты тиісті тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Себебі бұл жерде бопсалау, заңсыз баю мақсатында ресурсты пайдалану фактілері орын алған", - деді Әшімбаев.

Сенат спикерінің айтуынша, оны ешкім бопсаламаған және ол құқық қорғау органдарына арыз жазуды жоспарламайды. 20 желтоқсанда Астана мен Қарағандыда Telegram-арна QirSabyn администраторлары ұсталғаны белгілі болды. Оларды бопсалау фактісі бойынша күдікке алған. Бас прокуратураның мәліметінше, топ жалған және ар-намысқа нұқсан келтіретін ақпаратты тарату қаупімен ақша талап еткен.

 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз