- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мақпал Жүнісова сұхбаты
“Матасына ақша аямаймын“. Мақпал Жүнісованың ең қымбат көйлегі қанша тұрады?
Қазақстанның халық әртісі, белгілі әнші, халықтың сүйіктісі Мақпал Жүнісова киіну стиліне ерекше қарайтынын айтты. Ол өзінің гардеробындағы көйлектері жайлы құпияны ашты. Бұл туралы ол Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
"Киімнің ыңғайлы болуына қатты қараймын"
Мақпал Жүнісова стильге ерте жастан мән бергенін айтты. Оның сөзінше, киімнің үлгісі, киген кезде ыңғайлы тұруы аса маңызды.
"Менің гардеробымда аса қымбат көйлек жоқ. Бірақ мен көйлектің матасына ақша аямаймын. Оның дизайнына, тігілуіне қатты мән беремін. Жабыстырып көйлек кие алмаймын. Ол кең тұратын әрі мыжылмайтын болуы керек. Өйткені гастрольде, анда-мында жүргенде көйлек үтіктеп отыруға уақытым болмайды. Десе де, түрі ұнаса, 3-4 мыңның матасына да көйлек тіктіре беремін", - деп жауап берді ол.
сурет: Massaget.kz/Нұрбол Ынтымақұлы
Анасының ақылынан аттамаған әнші
Мақпал Жүнісова стилінің қалыптасуына анасының берген тәрбиесі әсер еткенін айтты. Айтуынша, анасы жабысып тұратын киім киюіне қарсы болған.
"Анам жастайымнан "қыз балаға тырысқан, жабысқан киім киюге болмайды" деп үйреткен. "Қыз бала қызық болуы тиіс. Өзінің қызығын тек жарына көрсетуі керек" дейтін. Сол ақылы санама әбден сіңіп қалған. Ешқашан жабысқан, тырысқан киім киген емеспін. Қазір мен өзім боянамын, өзіме дизайнермін, өзіме стилиспін", - деп қосты ол.
Мақпал Мұхамедиярқызы Жүнісова - қазақ эстрадасының көрнекті әншісі, Қазақстанның халық әртісі, профессор. 1963 жылы 11 қаңтарда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Теректі ауылында дүниеге келген. 1981 жылдан бастап "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік бірлестігінің солист-вокалисі болып қызмет атқарды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мәдени-ағарту факультетін бітірген. Өзінің ерекше даусымен және орындаушылық шеберлігімен танымал болған ол көптеген халықаралық конкурстардың лауреаты атанды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Д. Литпин