- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Массагетте жаңа жоба:...
Массагетте жаңа жоба: "Ауылда кез келген кәсіп бастауға болады"
Massaget.kz ұжымы "Ауылдағы кәсіп" атты жоба бастады. Алғашқы ауыл – Жалаңаш.
Жалаңаш ауылы Алматы облысы Кеген ауданында орналасқан. Ауыл тұрғындары мал шаруашылығымен айналысады. Халық саны – 3759 адам. Жалаңаштағы кейіпкерлеріміз шағын кәсіпкерлікпен айналысып жүрген аспаз – Дастан Өміржан мен тігінші – Оспанова Сандуғаш. Бүгінгі видеода олар ауылда кәсіп ашудың қыр-сырымен бөлісіп, қызығы мен шыжығын айтады.
Дастан Өміржан 1990 жылы Жалаңаш аулында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ұлттық университетте инженер мамандығында оқыған.
Дастан ауылға пайдам тисе, ауылда кәсіп ашсам деп 2022 жылы шағын кәсібін бастаған. Ол ескі ғимаратты алып, дөнер орталығын ашқан. Дастанның өнімін тек Жалаңаш аулы ғана емес, көрші ауылдағы адамдар да сатып алады.
"Кез келген ауылды дамытатын жол екен. Қаладан Көлсайға дейін жол салынды, аулымыз солай дамыды. Такси қызметі де пайда болды. Қалаға көшкім келмейді, сол жағдайды ауылда да жасауға болады. Осы жерде кәсібің болса, Алматыға не үшін барып тұрамын. Тоғыздағы жұмысыңа таңғы бестен тұрып, кептелісте уақыт өткізу не үшін керек? Қалаға бір нәрсе үшін баруға болады. Ол – білім", - дейді Дастан.
Оспанова Сандуғаш 1987 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тумасы. 2008 жылы Кеген ауданына келін боп түскен. Мамандығы модельер-конструктор.
Ол 2019 жылдың сәуір айынан бастап осы ауылда шағын тігін шеберханасын ашқан. Қазіргі күнде еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыстар алып, қыз жасауын дайындап береді.
"Қазір жастар, жалпы адамдар ауылда тұрып, кәсіп бастау мүмкін емес деп ойлайды. Бірақ ол ойға түбегейлі қарсымын. Ауылда отырып-ақ, кәсіп ашып, оны дөңгелетіп, қаншама қыз-келіншектерге жұмыс тауып беріп, қазақтың қолөнерін дамытуға болады. Жалпы, кәсібіңді алғаш ауылдан бастаған жақсы", - дейді тігінші.
Бүгінде Сандуғаш 12 қыз-келіншекті жұмыспен қамтып отыр. Сандуғаш тек тігін шеберханасымен ғана шектеліп қана қоймай, оны жүргізу үшін SМM, таргет мамандықтарын үйренген. Ол үшін арнайы курс оқыпты. Қазір соның арқасында онлайн тапсырыс қабылдап отыр. Кәсіпкер сонымен бірге ауылдағы колледжде тігін шеберлігі бойынша студенттерге дәріс өтеді. Бұл еңбегі де елеусіз қалмай білім министрі атынан алғыс хатпен марапатталған.
Т. Раушанұлы