Қаржылық мониторинг агенттігі "ҚазТемірТранс" АҚ-ның бұрынғы вице-президенті Азамат Қапеновке қатысты қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және ақша жымқыру деректері бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тергеу амалдары бойынша Азамат Қапенов қызметтік жағдайын пайдаланып, жүк вагондарын басқару қызметін көрсету кезінде байланысы бар компанияларға заңсыз артықшылықтар жасаған.
Салдарынан "ҚазТемірТранс" АҚ-ға 5,2 млрд теңгеден аса мөлшерде залал келген.
"Қазір А.А. Қапеновке халықаралық іздеу жарияланған. Сот оған қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған. Келтірілген залалды өтеу және заңсыз алынған активтерді қайтару мақсатында Бас көлік прокуратурасы "Достық" станциясындағы терминалды сотқа дейін тәркілеу туралы өтініш жолдады", - деп жазылған хабарламада.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының қаулысымен бұл мүлік мемлекет кірісіне өткізілген. Тергеу жалғасып жатыр.
Айта кетейік, Азамат Қапенов 1978 жылы 12 сәуірде туған, ол - Ресей азаматы. Бұқаралық ақпарат құралдарында Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы ретінде көрсетілген.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова