Мәслихат сайлауында қанша адам дауыс бергені туралы алғашқы мәлімет белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Орталық сайлау комиссиясы мәліметінше, сағат 10:00-дегі жағдай бойынша көрсеткіш мынадай:
- Астана қаласы – 9,93%
- Абай облысы – 12,56%
- Ақмола облысы – 12,04%
- Ақтөбе облысы – 16,49%
- Алматы облысы – 13,53%
- Атырау облысы – 11,86%
- Батыс Қазақстан облысы – 11,85%
- Жамбыл облысы – 12,83%
- Жетісу облысы – 14,24%
- Қарағанды облысы – 14,01%
- Қостанай облысы – 9,75%
- Қызылорда облысы – 16,33%
- Маңғыстау облысы – 13,02%
- Павлодар облысы – 10,91%
- Солтүстік Қазақстан облысы – 10,82%
- Түркістан облысы – 15,32%
- Ұлытау облысы – 12,97%
- Шығыс Қазақстан облысы – 14,37%
- Алматы қаласы – 6,41%
- Шымкент қаласы – 12,67%
Республика бойынша сағат 10:00–де тізімге енгізілген сайлаушылардың 12,31% дауыс берді.
Айта кетейік, сайлаушылардың дауыс беруге қатысуы туралы келесі ақпарат сағат 12.00-де жарияланады.
Мәслихат сайлауы
29 қарашада Қазақстанда Мәслихат депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Бүгін қазақстандықтар облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарда өз мүддесін қорғайтын депутаттарды таңдайды.
Мәслихат депутаттығына кімдер үміткер?
Партиялық тізім бойынша сайлауға Қазақстанда тіркелген жеті саяси партия жіберілді:
- "Әділет" партиясы;
- "Ақ жол" демократиялық партиясы;
- Қазақстан Халық партиясы (ҚХП);
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП);
- "Ауыл" партиясы;
- "Байтақ" жасылдар партиясы;
- Respublica партиясы.
Бұдан бөлек, сайлауға бірмандатты сайлау округтері бойынша ұсынылған кандидаттар да қатысады. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, әрбір депутаттық мандатқа үш кандидаттан таласып жатыр.
Өз сайлау учаскеңізді қалай анықтауға болады?
Қай сайлау учаскесінде дауыс беретініңізді бірнеше жолмен білуге болады:
- Әкімдіктердің ресми сайттарындағы арнайы бөлімге ЖСН немесе тұрғылықты мекенжайыңызды енгізу арқылы сайлау учаскеңізді анықтай аласыз.
- Электрон үкімет порталы арқылы сайлаушылар тізімінде бар-жоғыңызды және қай учаскеге тіркелгеніңізді тексеруге болады.
- Сондай-ақ, жақын маңдағы сайлау учаскесіне хабарласу немесе тікелей бару арқылы өзіңізге тиесілі учаскені анықтай аласыз.
Сайлау учаскесінде қалай дауыс беруге болады?
Дауыс беру рәсімі бірнеше минутты ғана алады. Ол мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
- Сайлау комиссиясының мүшелеріне жеке куәлігіңізді немесе паспортыңызды көрсетіп, сайлаушылар тізімінде аты-жөніңіз болса, қол қойыңыз.
- Сайлау бюллетенін алып, жасырын дауыс беру кабинасына кіріңіз. Өзіңіз таңдаған нұсқаның тұсына белгі қойыңыз. Бюллетеньді қарындашпен толтыруға немесе оған түзету енгізуге болмайды.
- Бюллетеньді бүктеп, дауыс беру жәшігіне салыңыз. Осымен дауыс беру рәсімі аяқталады.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Халық кеңесінің алғашқы сессиясында Мемлекет басшысы мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау өтетінін мәлімдеген болатын. 12 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды. Ал келесі күні жаңа депутаттарды сайлау 29 қарашаға белгіленді.