Бас прокуратура 29 қарашаға белгіленген барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы қарсаңында қазақстандықтарға үндеу жасады, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Ведомство сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге, сауалнама нәтижелерін жариялауға және толтырылған бюллетеньдерді суретке түсіруге тыйым салынғанын еске салып, заңбұзушылықтар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
Прокуратура мәліметінше, бүгінгі таңда сайлау заңнамасын бұзудың 13 дерегі анықталған, оның жетеуі тыйым салынған кезеңде үгіт-насихат жүргізумен байланысты. Кінәлілердің барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
"Осыған байланысты Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңының (бұдан әрі – Конституциялық заң) 27-бабы 2-тармағына сәйкес сайлау алдындағы үгіт кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталатынына назар аударамыз. Яғни, сайлау алдындағы үгіт жүргізу 2026 жылғы 28 қарашада, сағат 00:00-де аяқталады", - делінген хабарламада.
Дауыс беру күні және оның алдындағы күні, атап айтқанда 28 және 29 қарашада кез келген сайлау алдындағы үгіт-насихатқа тыйым салынады.
Бұған дейін орналастырылған баспа үгіт материалдары бұрынғы орындарында қалуы мүмкін. Дәл осындай ереже интернеттегі материалдар үшін де қолданылады, бірақ оларды интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға болмайды.
Сонымен қатар толтырылған бюллетеньдерді суретке және видеоға түсіруге, сондай-ақ дауыс беру күні мұндай материалдарды таратуға тыйым салынады.
Тыйым салынған кезеңде үгіт-насихат жүргізгені үшін ӘҚБтК-нің 102-бабы бойынша айыппұлдар қарастырылған:
Бас прокуратура қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамдарын және дауыс беруге қатысты басқа да зерттеулерді дауыс беру күніне дейін бес күн бұрын және дауыс беру күні БАҚ пен онлайн-платформаларда жариялауға тыйым салынғанын еске салды.
Сайлау күні тікелей дауыс беру жайларында немесе пункттерінде қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге де болмайды.
Бұл талаптарды бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 120-бабы 2-бөлігі бойынша жауапкершілік қарастырылған. Айыппұл мөлшері жеке тұлғалар үшін 10 АЕК (43 250 теңге) және заңды тұлғалар үшін 25 АЕК (108 125 теңге) құрайды.
Бас прокуратура бейбіт жиналыстарды өткізу ережелері туралы да бөлек еске салды. Жиналыстарды, митингілер мен пикеттерді ұйымдастыру үшін хабарлау тәртібі, ал демонстрациялар мен шерулер үшін келісу тәртібі қарастырылған.
Белгіленген тәртіпті бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 488-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Егер мұндай әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне айтарлықтай зиян келтірумен ұласса, ҚК-нің 400-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік туындауы мүмкін.
Ведомство жалған ақпарат пен заңсыз контентті таратуға жол берілмейтінін ескертті. Қауіптілік деңгейіне және келтірілген зиянға байланысты бұл үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Бас прокуратура сайлау процесінің барлық қатысушысын қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтауға және заңсыз әрекеттерге жол бермеуге шақырады.
Еске салсақ, 24 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халық Кеңесінің бірінші сессиясында мәслихаттардың мерзімінен бұрын сайлауын жариялаған болатын. 12 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойды. Одан кейін Орталық сайлау комиссиясы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2026 жылғы 29 қарашаға белгіледі.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!