Мәслихат депутаттары бірлестігінің конференциясы Қасым-Жомарт Тоқаевты Президент сайлауына кандидат ретінде ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында "Қазақстан мәслихаты депутаттарының бірлестігі" республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесінің кезектен тыс конференциясында ұйым атынан Қазақстан Республикасының президенттігіне үміткер ұсыну мәселесі талқыланды.
"Тұрақсыз геосаяси әрі экономикалық жағдай кезінде қоғамның бірлігі мен ынтымағы бірінші орынға шығады. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етудегі, мемлекет дамуындағы ерекше рөлін ескере отырып, біз оны алдағы президент сайлауына кандидат ретінде ұсынамыз", - деп атап өтті бірлестік төрағасы Төлеубек Мұқашев.
Отырыс соңында қатысушылар алдағы 20 қарашада өтетін ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын бірауыздан мақұлдады.
Айта кетейік, бірлестік мүшелері - барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары. Олардың жалпы саны 3276 адам болады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2022 жылғы 20 қарашаға белгіленгені хабарланған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!