Мәскеу мэрі Сергей Собянин әуе шабуылына қарсы қорғаныс (ӘШҚҚ) күштері Ресей астанасына қарай бағытталған 66 украиналық дронды жойғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
DW басылымының мәліметінше, олардың барлығы 12 сағатқа жетпейтін уақыт ішінде атып түсірілген.
Ресейлік БАҚ-тың бағалауынша, сенбідегі бұл шабуыл жыл басынан бергі ең ауқымды шабуылдардың бірі болған.
"Құлаған дрондардың қалдықтары түскен жерлерде төтенше қызмет мамандары жұмыс істеп жатыр", - деді Собянин.
Росавиацияның Telegram-арнасының мәліметінше, Домодедово және Жуковский әуежайларында ұшақтардың қонуы мен ұшуына уақытша шектеулер енгізілген. Сенбіде күндіз Внуково әуежайында да шектеулер қолданылған.
Mash Telegram-арнасының хабарлауынша, ұшқышсыз аппараттар Мәскеудің Троицк округі маңынан байқалған. Мәскеу облысындағы Королёв қаласында жергілікті тұрғын өзінен шамамен 200 метр жерде украиналық дронның атып түсірілгенін көрген.
Орталық айналма автожол маңында екі дрон жойылған. Сондай-ақ, жарылыс дыбыстары Краснопахорск ауданында, Дубнада және Волоколамскіде естілген.
Ресей Қорғаныс министрлігі Telegram-арнасында Мәскеуге бағыт алған 47 дронның жойылғанын хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, Мәскеу уақыты бойынша 11:00-ден 21:00-ге дейін (Қазақстан уақыты бойынша 13:00-ден 23:00-ге дейін) Брянск, Калуга, Белгород, Тверь, Смоленск, Курск облыстары, Краснодар өлкесі және Мәскеу өңірі аумақтарында 280 украиналық ұшқышсыз аппарат әуеде жойылған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz