- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мәскеудегі теракт: Қазақстанда...
Мәскеудегі теракт: Қазақстанда сауда үйлері тексеріледі
Ресей астанасы Мәскеудегі терактіден соң Қазақстанда да сауда үйлері мен концерт залдары тексеріледі. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сенаттың жалпы отырысынан соң журналист министрдің орынбасарына "Мәскеудегі терактіге байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді. Құқық қорғау органдарына қандай тапсырма берілді? Осындай теракті кезінде азаматтар не істеуі керек" деген сұрақ қойды.
Игорь Лепеха ірі нысандарда қауіп болатынын мәлімдеді.
"Бүгінде сауда үйлері, концерт залдары терроризм қаупі бар нысандарға жатады. Жалпы ауданы 500 шаршы метрден асатын нысандар террористік тұрғыдан осал нысандар категориясына жатады. Сондай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары бар. Жалпы мұндай жерлерде адам көп жиналады", - деді ол.
Президент тапсырмасынан соң ІІМ сауда үйлері мен жұрт көп жиналатын орындарды тексеруге кіріскен.
"Бұрын ұйғарым болған объектілерді тексереміз, ал тексерілмеген нысандар болса, оларды тағы тексереміз. Қалған нысандардың иелеріне барып сөйлесіп, оларға кеңес береміз. Биыл 1 қаңтардан бастап Қазақстанға келген шетелдіктер дактилоскопиядан өтуге міндетті. Жыл басынан бері елімізге келген 10 қылмыскер ұсталды. Олардың адам өліміне қатысы жоқ", - деді министрдің орынбасары.
Сондай-ақ, ведомство өкілі теракт болған жағдайда адамдар не істеу керегін түсіндірді.
"Мұндай жағдайда ақыл-кеңес беру қиын. Бастысы үрейленбеңіз, оқиға орнынан кетуге тырысыңыз. Мүмкіндік болса, жасырынып қалыңыз. Егер тиісті құзыретіңіз болмаса, батыр болуға тырыспаңыз. Ол жақта болған жағдайды (Мәскеудегі терактіге қатысты - еск.) біз де бақылап отырмыз. Сонымен қатар, мектепке тоқталайын. Біз Оқу-ағарту министрлігімен тиісті алгоритмді бекіттік. Мұндай жағдайда мұғалімдер сыныптың есігін бекітіп, сыртқа шықпауға тиіс және терезелерден алыс болғаны жөн. Бастысы үрейге бой алдырмаңыз және оқиға орнынан тез кетуге тырысыңыз", - деді Игорь Лепеха.
Айта кетейік, биыл 22 наурызда кешке Мәскеу маңындағы "Крокус сити холл" концерт залында камуфляж киген бірнеше адам жұртқа оқ жаудырған. Салдарынан ғимаратта жарылыс болып, өрт шыққан.
Ресей тергеу комитетінің дерегінше, терактіден 143 адам көз жұмып, 180 адам зардап шеккен.
Еске салайық, бұған дейін Мәскеудегі терактке қатысты күмәнді жазбалар жазған суретші ұсталғаны хабарланды.
Аяз Есен
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz