- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мәскеуде оппозиционер Алексей...
Мәскеуде оппозиционер Алексей Навальныйды ақтық сапарға шығарып салды
Мәскеуде оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды жерлеу рәсімі өтті. Навальный Борисовский зиратына жерленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ресейлік БАҚ мәліметінше, шіркеу мен зират маңында қоршаулар орнатылып, полиция аумақты патрульдеп жүрген. Навальныйды жерлеу рәсімі өткен шіркеуге дейін бірнеше шақырымға созылған кезек пайда болды. Саясаткердің мәйітін жеткізген көлікті жұрт "Навальный!", "Ресей азат болады!", "Біз кешірмейміз!" деп ұрандатып қарсы алды. Табытты зиратқа алып кеткен кезде жиналғандар оған гүл шоқтарын жаудырған.
Навальныймен қоштасуға шетелдік дипломаттар да барған. Ресей президентінің баспасөз қызметі Кремльдің Навальныйды жерлеу күнінде туыстарына ешқандай айтары жоқ екенін хабарлады.
Саясаткердің әйелі Юлия Навальная Ресейде болмағандықтан жерлеу рәсіміне бармаған. Ол Instagram желісінде күйеуімен қоштасу жазбасын жариялады.
Еске сала кетейік, 16 ақпанда ресейлік оппозиционер Алексей Навальный жазасын өтеп жатқан түзеу колониясында қайтыс болды. Өткен тамызда ол 19 жылға сотталған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Шәріпхан