Бүгін Мәскеуде Ресейдегі Қазақстан Республикасы елшілігінде «Молодая гвардия» баспасының «Тамаша адамдардың ғұмырнамасы. Өмірбаян жалғасуда» («Жизнь замечательных людей. Биография продолжается») сериясы шеңберінде жарық көрген «Нұрсұлтан Назарбаев» атты кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Туынды авторлары – Еуразия Экономикалық комиссиясы энергетика және инфрақұрылым жөніндегі Алқа Мүшесі, саясат ғылымдарының докторы Тайыр Мансұров және Қазақстан Жазушылар одағының басқарма хатшысы, қазақстандық «Простор» әдеби журналының бас редакторы Валерий Михайлов.
Бұл шығарма жаңа тәуелсіз Қазақстанның негізін салушысы болып әлемге танылған адамға арналды. Кітапта оның өмір жолы тәуелсіз еліміздің құрылу кезеңдермен тығыз байланысты деген пікір берілуде. Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық ой қабілеттігі, сындарлы саясатты жүргізу тәжірибесі, әлемге танылған бастамалары және тұлғалық әсерлілігі оны қазіргі замаңғы ең көрнекті саясаткерлер мен мемлекет қайраткерлер қатарына қосты.
Кітап мазмұнына еліміздің жаңа тарихындағы ең маңызды кездері көрсетілген бай көрнекті материалдар енген. Бұл шығармада Нұрсұлтан Назарбаев тек саяси өмірбаян арқылы емес, сонымен бірге оның отбасы, мектептегі оқу және жас қызметі кездері арқылы оқырмандарға таныстырылды.
Тұсаукесерді салтанатты түрде ашып, алғаш сөз алған Ресейдегі Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Марат Тәжин бұл шығарманың әлемдік саясаттың ірі тұлғасы, ойшыл стратег Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаянынан сыр шертетінін айтты. Бұл кітаптың Қазақстанның Президент құрған жүйелі негіздегі жаңғыру кезеңіне аяқ басқан сәтінде жарыққа шығуы үлкен мәнге ие.
«Менің ойымша, қазір қолға алынған жаңғырту кезеңі көлемі жағынан 1990-шы жылдардағы Қазақстандағы алғашқы реформаларына тең келеді. Ауыр кезеңдегі қиындықтар осы шығармада толық әрі тартымды суреттелген», – деді М.Тәжин.
Елші кітап авторлары мен баспахана өкілдеріне алғыс айта отырып, туындының тарихшыларға ғана емес, сарапшыларға, мұрағатшыларға және оқырман қауымға да қызықты екендігіне баса назар аударды.
«Молодая гвардия» ААҚ-ның Бас директоры Валентин Юркин сөз кезегін алып, әңгімені әріден бастады. «1991 жылы біздің баспаханада Нұрсұлтан Назарбаевтың «Без правых и левых» атты бірінші кітабы жарық көрген еді. Сол кезде Президент одақтың ыдырауын ашық әрі нақты негіздеп беріп еді» – деп өткенге оралып, кітаптың өз баспаханасында шығуын үлкен мәртебе санайтындығын қуана айтты.
Т.Мансұров Президент Н.Назарбаев туралы кітаптар көп шыққандықтан, авторлардың алдындағы міндеттің жеңілге соқпағандығына тоқталып өтті. Оның айтуынша, өмірбаянда бұған дейін көпшілікке белгісіз көптеген деректер келтірілген.
«Кітапты жазуға менің Қарағандыда дүниеге келгенім, Нұрсұлтан Әбішұлы еңбек жолын бастаған Теміртауда көп болғандығым септігін тигізді. «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы болғанда Президентпен бірге көптеген сапарға барғандығым маған алып тұлғаны жақынырақ танып-білуге мүмкіндік берді», – деді ол.
Ресейдің мемлекет қайраткері, белгілі дипломат Борис Пастухов тұсаукесерде сөйлеген сөзінде авторлардың қазіргі заманның ұлы тұлғасын әрі қазақ халқының ұлылығын сомдай алғандығын айтты. «Кітап Қазақстанның бүгінгі жетістіктерінің феномені, факторы Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстылығын атап өткен, еңбекті оөып шыққаннан кейін Қазақстан туралы көп әрі тың мағлұматтар алдым», – деді Б.Пастухов.
Тұсаукесерге қатысушылар туындының өз оқырмандарын табатынын айтып, сенім білдіріп жатты. Баспагерлердің айтуынша, бұл шығарма ресейлік жетекші кітапханаларға, сонымен қатар Италия, Испания, Ұлыбритания, Германия, АҚШ және ТМД елдерінің белгілі кітапханаларына таратылған.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қазан айында «Қазақстан-Ресей» атты екі ел ақындарының алманахы жарық көрген болатын. Бұл да қол елдің әдеби, мәдени байланыстың бір көрінісі.