Мәскеуде «Братеево мәдениет үйінде» қазақ және құмық поэзия кеші өтті. Түркі тілдес халықтың бас қосуы халық арасындағы достастықты нығайтуды, олардың мәдениетін танытуды мақсат етті. Кештің шымылдығын құмық қыздары халық биімен ашып, кесемен билеп елді таңғалдырды.
Қос халықтың мұрасында сақталған ақындардың жырынан нұр төгіліп, тарих беттері ашылды. Түрлі ұлт өкілдері қазақ-құмық тілдерінде өнер көрсетті, бірі «Мен қазақпын» деп жырласа, бірі «Әлдилеп аялап» деп ана туралы ән шырқады.
ХІХ ғасырда халықтың мұңын жырлап, халін жеткізген бірден-бір қазақ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың аты аталып, шығармашылығы таныстырылды. Тек ақынның ғана тілі жалпы халыққа өтеді, ханға да, қара халыққа да сөз айта алады. Мұндай қасиетті қазақтың сыршыл ақыны Мағжан Жұмабаевтың бойынан байқауға болатындығы айтылды. Оның «Мен жастарға сенемін» өлеңін Ресей кеден академиясында оқитын қазақ қызы Ахметжанова Алтынай оқып берді.
Домбыра шанағынан күмбірлі күй төгілді. «Шабыт» домбыра ансамблі қазақтың төл өнерін Ресей сахнасында жандандырып келеді. Кезекпен лирикалық өлеңдер оқылды. Бұл жырлардың алғашқысы – Хантәңірінің мұзбалағы атанған Мұқағалидің лирикалық өлеңдерінен басталды. Қазақ жастары Кенжехан Мадина «Сен мына жанарымның ішіндесің» деп жырласа, бірі Жақсымбетов Еркебұлан «Шеше, сен бақыттысың» деп анасына деген сағынышын жеткізді.
Кеште рухты өлеңдер де оқылды. Мұхтар Шахановтың «Төрт ана» өлеңін Қабеева Жұмагүл есімді қазақ қызы оқыса, «Жігерлендіру» өлеңімен Кенжетай Рауан көрермендерді бір жігерлендіріп алды. Кеште лириканың түрлі бағыты көрініс тапты десек, артық етпейді.
Бұл кеште өлең де оқылды, ән де шырқалды, күй де төгілді, би де биленді. Тіпті, сахналық көірініс те қойылды. Кеште жиналған халық қазақ әдебиетінің классикалық туындысы «Абай жолы» романынан қойылым да тамашалады. Абайдың Евгений Онегинді өлеңмен өрілген романнан танығаны, Татьянаның әні сахналанды. Бұл көрініс көрермендерге «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» деген даналы ойды жеткізді.
Кеш шараға арнап қазақ және құмық тілінде жазылған әнмен аяқталды. Кеш қонақтары алғыстарын жаудырып, халықтар арасындағы достықтың арта беруіне тілектестіктерін білдірді.
Кештің негізгі ұйымдастырушылары: «Мұрагер» Мәскеу қазақ мәдениеті қоғамы мен «Qumuqlar» құмық мәдениеті ұйымы.
Енді суреттер сөйлесін: